Антикор ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кірді
Фото: gov.kz
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта ұйымдастырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылғы 30 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" қаулыға қол қойды.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 5) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жаңғырту және арттыру мақсатында қаулы етемін: Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) қайта ұйымдастырылсын", – делінген құжатта.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы – Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды.
Қайта ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігін берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалды.
Бұған қоса осы жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесіндегі "Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)" деген жол алып тасталмақ.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы президентінің қарауына Қызмет туралы ереженің жобасын, Қазақстан Республикасының үкіметімен және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, қайта ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктің берілетін функциялары мен өкілеттіктеріне сәйкес штат санын қайта бөлу жөніндегі ұсыныстарды енгізуге тиіс.
Ал Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы президентінің қарауына Агенттік туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жарлық жобасын енгізуге тиіс.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі екі ай мерзімде осы жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы керек.
Қазақстан Республикасының үкіметі 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін осы жарлықтан туындайтын заң жобасын әзірлеп, Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің қарауына енгізуге міндеттелді.
"Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін", – делінген құжат мәтінінде.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.