Amanat өз депутатының миллиардтаған теңгеге тендерлер алуында заң бұзушылық жоқ екенін мәлімдеді
Фото: Депутат Әділ Жұбановтың желідегі парақшасынан
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәжіліс депутаты Әділ Жұбановқа тиесілі "БатысАльянсСтрой" компаниясын тексеріп жатыр. Бұған әлеуметтік желідегі мемлекеттік сатып алудағы заңбұзушылықтар туралы жазбалар себеп болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Telegram-дағы "За нами уже выехали" арнасының дерегінше, материалдар тіркеліп, Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданған.
"Қазір Атырау облысы бойынша департамент тарапынан лауазымды тұлғалар мен "БатысАльянсСтрой" ЖШС арасында мүдделер қайшылығының бар-жоғы қарастырылып жатыр", – деп мәлімдеді ведомство.
Бұған дейін компанияны қазіргі Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев басқарған. Қазір компания директоры ретінде Жанабай Жұбанов тіркелген, ол депутаттың туысы болуы мүмкін деген болжам бар.
Заң бойынша депутаттар бизнеске иелік ете алады, бірақ оны басқаруға құқығы жоқ. Қазіргі тексерістің негізгі назар аударған тұсы да осы.
"Amanat" партиясы Әділ Жұбановқа қатысты жағдайға пікір білдірді. Аталған компанияның жалғыз құрылтайшысы депутаттың өзі. Белгілі болғандай, бұл компанияның жалпы сомасы 15 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік келісімшарттары бар. Партия бұл жағдайда заң бұзушылық жоқ екенін мәлімдеді. 2023 жылдың наурызында депутат болып сайланғаннан кейін, Әділ Жұбанов өз компаниясын сенімгерлік басқаруға берген. Amanat өкілдерінің айтуынша, барлық заңдық рәсімдер толық көлемде сақталған.
"Аталған компания нарықта көп жылдан бері жұмыс істеп келеді және мемлекеттік келісімшарттарды тек мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама талаптарына сәйкес, бәсекелестік негізде алады. Келісімшарттардың болуы өздігінен қандай да бір құқықбұзушылықтың немесе өкілеттікті асыра пайдаланудың дәлелі болып табылмайды", – деп атап өтті партия өкілдері.
Сондай-ақ, Amanat партиясы депутаттардың Әдеп кодексін сақтауын жіті бақылауда ұстайтынын айтты. Егер Жұбанов тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар анықталса, партия ішкі тергеу жүргізетінін мәлімдеді. Алайда қазіргі уақытта мүдделер қақтығысы бар деп айтуға негіз жоқ.
Айта кетейік, "БатысАльянсСтрой" ЖШС мемлекеттік тапсырыстарға белсенді қатысады. 2016 жылдан бері компания мемлекеттік органдармен жалпы сомасы 15,2 миллиард теңге болатын 141 келісімшарт жасаған. Келісімшарттардың көбі облыстағы қалалық және ауылдық әкімдіктермен байланысты.
"Барыс" клубының бұрынғы басшыларына қатысты тергеу басталды
Еске салайық, бұған дейін биыл шенділер мемлекеттік сатып алу арқылы бюджеттен 29 миллиард теңге жымқырғанын жазған едік. Оның 6,4 миллиард теңгесі бюджетке қайтарылды. Қалған соманы (22,6 миллиард теңге) тапсырыс берушілер қайта қарап, олар бойынша жоспарлы бағалар төмендеді немесе сатып алынатын тауарлар көлемі ұлғайды. (2024 жылы 55 миллиард теңгеге артық өсім анықталды. Оның ішінде 26 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, 29 млрд теңгеге сатып алу қайта қаралды). Жалпы, жобаны іске асыру басталғаннан бері (2019 ж.) 224,7 миллиард теңге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол берілмеді.