"Әншінің концертіне билет алуға мәжбүрлеген": Жамбыл облысында басшылық мұғалімдерден ақша жинады деген ақпарат тарады
Жамбыл облысы Қордай ауданында мұғалімдерді мәжбүрлеуге қатысты дау туды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Гүлмира Абықайдың парақшасынан
Журналист Гүлмира Абықайға желіде қордайлық мұғалімнің бірі шағымын айтып, көмек сұраған. Сөзінше, оларға Айбек Қайбулла есімді әншінің концертіне билет алуға мәжбүрлеген. Мұғалім ортақ чаттың скриншотын ұсынды. Олардан 8000 теңгені 55 адамға бөліп, 146 теңгеден аударуды сұраған.
“Айбек Қайбулла деген әнші Қордайға келеді екен, билеті өтпей жатыр, соның концертіне неге мұғалімдер ақша жинауға тиіс? Қордай Аудандық білім бөлімінің тапсырмасы. Неге мектептерге бөліп тастайды, билеті өтпесе де, біз кінәліміз бе? Қайырымдылық концерт болса бір жөн. Қайырымдылық концерт болса, жетімдер үйінен келіп концерт қойса, қуана-қуана баратын едік. Енді мектептерге осылай бөліп тастайды, барсаң да, бармасаң да жинап бересің”, – деді мұғалім.
- Семейде шырша безендіру кезінде құлаған мұғалімнің ісі: Қала әкімінің орынбасары күдікті деп танылды
Жамбыл облысының сапаны қамтамасыз ету департаменті ақпарат назарға алынғанын мәлімдеді.
“Жұмыстар жүргізіледі, нәтижесі туралы қосымша хабарланады”, – делінген хабарламада.
Оқу-ағарту министрлігі Жамбыл облысындағы мұғалімдердің концерттік билеттерді мәжбүрлеп сатып алуына қатысты арыз-шағымдарын тексереді.
"Білім беру сапасын қамтамасыз ету бөлімі жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Заңбұзушылықтар расталған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Сондай-ақ "Педагог мәртебесі туралы" заң талаптарын бұзғаны үшін қызметтік тексерістің негізінде Қордай аудандық жергілікті атқарушы органының өкілі жауапкершілікке тартылады", – деді оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Еске салсақ, бұған дейін желіде мұғалімді жағадан алып ұрған әйелдің видеосы тараған еді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған