Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ангелина Лукас: Мен рингке мықты болып қайта ораламын

Фото: Спортшының жеке парақшасынан

IBO, WBF және WIBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас Мысырда өткен жекпе-жегінен кейін елге оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы әуежайында спортшыны ерекше ықыласпен қарсы алып, түнгі сағат 02:00-де күтіп алды.

Осы сәттен кейін боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады.

 

“Бүгін түнгі сағат 02:00-де Алматы әуежайында мені қарсы алғандарыңызға алғысым шексіз. Жігіттер, біздің десантшылар, ұйықтамай, қандай жағдай болса да келді. Сол сәтте сіздерді көргенімде, түннің тыныштығында көзіме жас келді. 
Айтарым бір-ақ нәрсе: ең қиын да, ең қуанышты сәттерде де біз әрқашан бірге болдық. Бұл түн соның тағы бір дәлелі. Қандай жағдай туса да, жанымда жүргендерің маған күш береді.
Иә, жекпе-жек есепке алынған жоқ, қарсыласымның төңірегінде талай түсініксіз жағдай орын алды. Бірақ соған қарамастан, сіздер мені жеңіспен оралғандай қарсы алдыңыздар. Ал мен үшін бұл — нағыз жеңіс.

Мен барлық 10 раундта адал күрестім. Мықты америкалық қарсыласқа соңына дейін төтеп бердім. Өз намысымды, атымды, рухымды — өз елімнің абыройын қорғадым. Ең бастысы, әділдік жеңіп, шындық өз орнын тапты.

Мен міндетті түрде рингке қайта ораламын. Сондай-ақ  бұдан да күштірек боламын. Бүгін түнде сол жерде тұрған, маған сенген және қолдаған әрқайсыңыз үшін ораламын”, — деді Ангелина Лукас.

Айта кетейік, Ангелина Лукас Мысырда америкалық Кэтрин Ренеге қарсы 10 раундтық жекп-жек өткізді.




Тартысқа толы айқаста Ангелина Лукас төрешілердің шешімін жеңілді. Алайда артынша оның қарсыласының ағзасынан тыйым салынған препарат анықталып, бұл жекпе-жек “болмаған” деген есепке алынды.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 21 Қараша, 2025 15:43
Талқылау