Анасына протез сұрап хат жазған 6-сынып оқушысы жұрттың жүрегін елжіретті
Анасының аяғына протез салдыруды армандап жүргенін айтқан 6-сынып оқушысы жұрттың жүрегін елжіретті.
Бұл туралы “Айтуға оңай” бағдарламасында айтылды.
“Осыдан бірнеше жыл бұрын анам жол апатына ұшырап, бір аяғынан айырылған болатын. Дәрігерлер протез салып берді. Бірақ, одан аллергия болып, шешіп тастауға мәжбүр болды. Қазір балдақпен жүреді. Ол кісі бізге білдірмегенімен, қатты қиналып жүр. Балдақтан екі қолтығы қажалып, жұмыстан шаршап келген кезде, анамды қатты аяймын. Таяуда мен басылымдардың бірінен Германияда өзі бүгілетін протез салып береді дегенді оқыдым. Бірақ, оған жағдайымыз келмейді. Әкеміз жоқ болғандықтан, анам жұмыс істеуге мәжбүр. Өзі өнерлі адам, қолынан келмейтіні жоқ. Анамның аяғы сау болғанда, үлкен жетістікке жетер еді. Менің арманым – анам өз аяғымен жүріп, екі аяқ киімді тең кисе екен деймін. Осыған көмектесесіздер ме?” – деп жазылған хатта.
Аталған хатты оқыған бағдарлама ұйымдастырушылары Махаббат Қайсарова мен анасын Астана қаласынан алдыртқан екен. Жасөспірім әкесінің тарапынан тек соңғы бір жылда ғана көмек алып жүргенін айтады.
“Түнде анамның жылап жатқанын естіп қатты аяп кетемін. Хат жазуыма да осы нәрсе себеп болды. Бұл хатты қыста жазып қойып, көпке дейін ешкімге айта алмай, бағдарламаға жібере алмай жүрдім. Ақырында әжеме айтуға мәжбүр болдым. Сіздердің бағдарламаларыңызды қарап, қол ұшын созатындарыңызды, ақыл-кеңес беретіндеріңізді көремін. Қазір бір үйде әжем, анам, сіңілім төртеуіміз тұрып жатырмыз. Жалпы анам жол апатына мен дүниеге келмей тұрып түскен. Ал әкемді тек суреттерден ғана көргенмін. Өзінің кім екенін, қазір қайда жүргенін білмеймін. Ол тек 2016 жылдан бастап бізге көмектесе бастады. Болашақта нақты кім болатынымды әлі шешпедім. Бірақ, көп нәрсе жасағым келеді. Аспаз да, шаштараз да болғым келеді. Сіңілім ойнағанды қатты жақсы көреді”, – дейді Махаббат Қайсарова.
Жасөспірімнің анасы Әлия Тілектесова не себепті Қазақстанда жасалған протездерді кие алмайтынын түсіндірді. Мұнымен қатар, 7-8 жылдан бері екінші топтағы мүгедектер қатарына қосылу үшін құжаттар жинап жүр екен.
“Бұл хат туралы кеше ғана біліп, жұмыстан сұранып келіп отырмын. Әжесі екеуі маған айтпаған екен. Мен үшін уайымдап, жақсы протез алуды армандап жүргендерін білемін. Өкінішке орай, елімізде жасалатын протездерге аллергиям бар. Өзім 1998 жылы жол апатына түсіп, бір жылдан кейін ғана протез жасаттым. 2003 жылдан бастап әлгі протездерді кие алмайтын болдым. Кисем, денем қышынып, аяғым қатты ісініп кетеді. Көптен бері екінші топтағы мүгедектер қатарына ауыса алмай жүрмін. Қағаз жинаудан қатты шаршадым”, – дейді жалғызбасты ана.
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
Психолог ер адамның не себепті опасыздық жасайтынын түсіндірді
Шымкенттік әйел өзін дуалап, күйеуімен ажырастырған құрбысы туралы айтты
Шымкенттік келіншек дуаның әсерінен өзін аямай соққыға жыққан күйеуі туралы айтты
Келіншек өзін жабылып ұратын қайын жұрты туралы айтып жылады