Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анасының ауырып жатқанын пайдаланған ақтөбелік жігіт 10 миллион теңгені аударып алған

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Ақтөбеде анасының инсульттан кейінгі әлсіз күйін пайдаланған 25 жастағы жігіт оның банк қосымшасын өз нөміріне тіркеп, 10 миллион теңгеге жуық ақшаны бірнеше күнде аударып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Аса қатыгез қылмысты 25 жастағы жұмыссыз ақтөбелік істеген. Тергеу барысында анықталғандай, ер адам анасының смартфон қызметтерін жақсы білмейтінін пайдаланып, оның банк қосымшасын өз телефонының нөміріне қайта тіркеген. Сөйтіп, анасының шотына қол жеткізіп, бірнеше күн ішінде 9 миллион 899 мың теңгені аударып алған.

Кейін ол сот алдында жауап берді. Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Сотта ол анасының рұқсатын алғанын айтты. Оның айтуынша, өз шоты бұғатталғандықтан, жалақысы түсу үшін анасының шотын уақытша пайдалануға рұқсат сұраған. Инсульттан кейін анасы анық сөйлей алмайтындықтан, басын изеп жауап бергенін келісім деп түсінген. Кейін анасының шотында 10 миллион теңге барын көріп, бұл ақшаны пайдалануға бола ма деп сұрағанда, анасы тағы да басын изегенін алға тартқан. Ол ақшаны алғашқы мүмкіндікте қайтарамын деп уәде бергенін де айтқан.

Алайда сот айыпталушының бұл сөздері шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады. Тергеу барысында ұрланған 10 миллион теңге шын мәнінде айыпталушының анасына емес, оның нағашы ағасына тиесілі екені белгілі болды. Сондықтан ол іс бойынша жәбірленуші деп танылды.

Сотта жәбірленуші әйелдің инсульт алуына ұлының әрекеттері де әсер еткенін айтты. Әйел Бадамша ауылында жалғыз тұрады, оған әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі. Ал жәбірленуші кәсіпкерлікпен айналысады және кейде айналым қаражатын сақтау үшін қарындасының шотын пайдаланған. Қажет кезде ол шоттан ақша алып, кейін қайта толықтырып отырған. Бір күні ол банк қосымшасына кіре алмай қалғанын байқап, кейін қарындасынан жиенінің қосымшаны өз нөміріне тіркеп алғанын білген.

Тергеу барысында белгілі болған тағы бір жайт айыпталушы анасының депозитіндегі ақшаны бұрынғы бірге тұрған әйелдерінің шоттарына аударып отырған.

Сондай-ақ сотта айыпталушының анасына көмектесіп жүрген әлеуметтік қызметкер де жауап берді. Оның айтуынша, инсульттан кейін әйелдің сол жақ бөлігі сал болып қалған. Ұлы анасының жанында тұрған кезде оны жиі ренжітіп, зейнетақысын алып қоятын болған. Соның салдарынан әйел кейде азық-түліксіз қалып отырған. Әлеуметтік қызметкер дүкендермен сөйлесіп, зейнетақы келгенше қарызға азық-түлік беріп тұруын сұраған. Айыпталушы жиі ішімдік ішіп, анасын және әлеуметтік қызметкерлерді балағаттайтын болған.

Сот айыпталушыны ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім жарияланғаннан кейін ол бірден қамауға алынды. Сонымен қатар сот сотталған азаматты жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндеттеді.



Еске салайық, бұған дейін түркістандық келін енесін тонап, ақшаны құмар ойынға жұмсағанын жазған едік. Мәліметтерге сенсек, тәжірибелі қызметкерлерден арнайы тергеу-оперативтік топ құрылып, барлық қажетті іс-шаралар жедел түрде жүргізілген. Тергеу барысында күдікті ретінде зардап шеккеннің келіні анықталды. Белгілі болғандай, ол мамыр айынан бастап үйден алтын әшекейлер мен қолма-қол ақшаны ұрлап келген. 

Айым Атамбаева
Жұма, 06 Наурыз, 2026 13:06