Анасы көлікті айналып отырғанша алып кеткен: Қарағандыда такси жүргізушісі 4 жасар қызды ұрлады деп айыпталды
Фото: pixabay.com
Қарағандыда такси жүргізушісі жолаушы әйелдің қызын алып кетіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің әлеуметтік желіде бөліскен оқиғасы қолданушылар арасында қызу талқыға түсті. Әйелдің айтуынша, 4 қараша күні Indriver қосымшасы арқылы такси шақырған. Қолында бір жасар сәбиі бар ана төрт жастағы қызын көліктің артқы орнына отырғызып, өзі енді отырғалы жатқанда көлік кенеттен қозғалып, қыздың жалғыз өзін алып кетіп қалған.
“Қызымды отырғызған сәтте жүргізуші кенеттен көлікті жүргізіп кетіп қалды. Мен оның артынан жүгіріп жетуге тырыстым, бірақ нәтиже болмады. Оған ондаған рет қоңырау шалдым, жауап бермеді, кейін тапсырысты өшіріп, картадан жоғалып кетті”, – деп жазды әйел.
Әйелдің айтуынша, 4 жасар қызы бейтаныс ер адаммен бірге шамамен бір сағаттай жүрген. Көлік Гоголь көшесіндегі айналма жолдан табылған. Әйел полицияға жүгінгенімен, тәртіп сақшылары "қылмыс құрамы жоқ, жай ғана әзіл болған" деген жауап қайтарған.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға туралы мәлімет 6 қараша күні тіркелген.
“Әйелдің айтуынша, ол қызын көлікке отырғызып, өзі екінші жағынан мінбек болғанда, жүргізуші қозғалып кеткен. Көлік иесі анықталғаннан кейін ол такси жүргізушісімен байланысқа шықты. Жолдың бір бөлігін жүрген соң жүргізуші артқы орында ересексіз отырған баланы байқап, дереу кері бұрылып, қызды анасына қайтарған”, – делінген полиция хабарламасында.
Жүргізушіге қатысты "жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу" және "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу" фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Ал inDrive компаниясы жүргізушінің аккаунты бұғатталғаны мәлімдеді.
“Жүргізушінің аккаунты дереу бұғатталды. Ішкі талдау көрсеткендей, көлік қозғалыс басталғаннан бірнеше шақырымнан кейін кері бұрылып, бастапқы орнына қайтқан. Жүргізушінің рейтингі жоғары, бұған дейін шағым түспеген. Қосымша тексеру үшін құқық қорғау органдарынан ақпарат сұраймыз”, – деп хабарлады inDrive компаниясы.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі