Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Американың алтын ғасыры басталды": Трамптың президент ретінде алғаш сөйлеген сөзі

АҚШ президенті Дональд Трамп биліктегі алғашқы күні 100-ден астам бұйрыққа қол қоюға уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Getty Images

Дональд Трамп Капитолийдегі ұлықтау рәсімінен сөз сөйлеп, АҚШ халқына үндеу жолдады.

"Қазір Американың алтын ғасыры басталады. Осы күннен бастап еліміз гүлденіп, тағы да бүкіл әлемнің құрметіне ие болады", – деді Трамп.

Жаңа президент елдің Әділет министрлігін саяси мақсатта пайдалануды тоқтататынын айтты. Бұған қоса, Трамп оңтүстік шекарада ұлттық төтенше жағдай жариялап, "сауатты төңкеріс" бастайтынын мәлімдеді.

"Шекараны кесіп өтудің барлық заңсыз әрекеттері дереу тоқтатылады. Үкімет миллиондаған заңсыз иммигранттарды қайтара бастайды", – деді ол.

Сондай-ақ Трамп есірткі картельдерін террористік ұйым деп жариялауды жоспарлап отырғанын айтты. 

Дональд Трамп АҚШ-тың жаңа билігінің тек екі жынысты – ер мен әйелді мойындайтынын мәлімдеді.

"Бүгіннен бастап Америка Құрама Штаттары үкіметінің ресми саясаты тек екі жынысты: ерлер мен әйелдерді мойындайтын болады. Біз адамдардың терісінің түсіне емес, еңбегіне негізделген қоғам құрамыз", – деді Трамп.

Трамп "бітімгер және біріктіруші" болғысы келетінін айтты. Ол өзінің инаугурациясынан бір күн бұрын ХАМАС лаңкестерінің кепілінде болған Израиль азаматтарының босатылып, Газа секторында атысты тоқтату келісімінің күшіне енгенін еске салды.

Сондай-ақ ол АҚШ Марсқа ғарышкерлерін жіберіп, АҚШ туын тігуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 

Трамп Панама билігі Панама каналын басқарудағы өз міндеттерін орындай алмай жатқанын және АҚШ каналды бақылауға алатынын айтты.

"Ең маңыздысы, Қытай каналды өз бақылауында ұстап отыр, біз каналды Қытайға емес, Панамаға бердік, енді қайтарып аламыз", – деді ол.

Сонымен қатар Трамп АҚШ-тың әлем бұрын-соңды көрмеген қуатты әскер жасақтайтынын, елдің өзіне пайдасыз соғыстарға араласпайтынын, барлық цензураны дереу тоқтату және сөз бостандығын қайтару туралы жарлыққа қол қойылатынын да атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамптың ресми түрде қызметіне кіріскені туралы жазған едік. 

Талқылау