Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанға келгенде қазынаға тап болғандай болдым": Америкалық режиссер әлемді аралау үшін үйін сатып жіберген (видео)

Зервос-instagram.com/theprojectkosmos

Фото: instagram.com/theprojectkosmos

Детройттан шыққан кинорежиссер, 36 жастағы Майкл Зервос 499 күнде 195 елге саяхаттап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ол әлемді алдыңғы рекордтан 55 күн жылдамырақ аралап шыққан. Арасында Қазақстан да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Daily Mail басылымының жазуынша, ол 2024 жылдың 18 қаңтарында үйін сатып, саяхатын бастаған – алдымен Ресейге, сосын Түркияға барған, одан кейін бүкіл Африка құрлығын, Таяу Шығысты, Қазақстанды, Азияны, Океанияны, Еуропаны, Оңтүстік Американы және Кариб теңізін аралап шыққан. Ол Ватиканнан басқа, әр елде кем дегенде бір түнеп шыққан.

"Барған елімді жай ғана белгілеп кеткім келген жоқ – адамдармен кездесіп, оқиғаларды баяндап, елді іштен сезінгім келді. Әуежайға тез кіріп-шығуды ғана мақсат тұтқан жоқпын", – деді Майкл сұхбатында.

"Кеңес дәуірі мен ресурстарға бай Қазақстан өзін туристік бағыт ретінде танытуға ден қоймаған, бірақ Қазақтанға келген соң мен көмулі қазынаға тап болғандай болдым", – деп жазды Зервос Қазақстан жайлы.

"Шын мәнінде, Қазақстандағы күз бүкіл Орталық Азияның бағаланбаған сұлулығының символы саналады" деген турист еліміздің сұлу табиғатын, халқымыздың тыныс-тіршілігін сипаттайды. Көшпелі халық екенімізді айтып, еркіндікті бағалайтынымызды, табиғатқа етене жақын екенімізді айтты.

"Бұл – мен жақсы көретін өмір стилі", – дейді турист.

Ол саяхатын 2025 жылғы 30 мамырда аяқтады. Зервос саяхаттап қана қоймай, бейнероликтер түсіріп, жергілікті тұрғындардан өміріндегі ең бақытты сәтті сұрап, сұхбат құрған.

Зервос тіпті Солтүстік Корея сияқты жабық елдерге де қайта баруы мүмкін екенін айтты. Ол елге ол бес жылдық үзілістен кейін алғашқы туристердің бірі болып барған.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 17 Маусым, 2025 12:23
Талқылау