Америкалық рэпердің парақшасына шыққан ақтөбелікке шетелдіктер жаппай хабарласып жатыр (видео)
Фото: Коллаж/Snoop Dogg, Керей Махамбетұлы
Ақтөбелік тұрғын қаз қуған ұлының видеосын желіге жүктеп, әп-сәтте танымал болғанын айтады. Видео америкалық рэпер Snoop Dogg-тің де назарын аударған. Рэпер видеоны Instagram-дағы жеке парақшасына бөлісті. Желіге шыққан видеоны көпшілік "қазақ ауылының баласы" десе, кейбірі "қырғыздың баласы" деп талқыға салып, талас тудырғандар да бар. Stan.kz тілшісі видео авторын тауып, тілдесті.
Желіге видеоны баланың әкесі Махамбет Ермеков жүктеген. Ол әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатынын атап өтті.
"Видео 9 тамыз күні түсірілді. Менің ұлым, видеоны өзім түсірдім. Бірінші TikTok-қа салдым. Осы уақытқа дейін ол жерде 25 млн қаралым жинады. Кейін Instagram-ға жүктедім, 100 млн-нан аса қаралымға жетті. Бұл видеоны салғаннан кейін бірден оқырмандарым көбейіп кетті. Бастапқыда Instagram-да маған 700 адам ғана жазылған еді. Қазір 15 мыңнан асты. Дені шетелдіктер. Видеоны да шетелдік парақшалар бөлісіп жатыр. 88 млн оқырманы бар рэпер жігіт бөліскеннен кейін хабарласып жатқандар көп. Шетелдік аудитория көп жазылды. Бәрі баланың видеосын қызықтайды. Шетелдіктер ақысына видеоның түпнұсқасын сұрап жатыр. Түркия, Ресей елдерінен хабарласты. Ондайды бұрын көрмегендіктен қорқақтадық. Электронды қол қою керек екен. Соларды түсінбегесін қалды", – дейді видео авторы Махамбет Ермеков.
Махамбет – 30 жаста, үш баланың әкесі. Желіде хит болған үлкені Керей Махамбетұлы 29 қазанда 3 жасқа толады. Одан кейін 2 жастағы және 5 айлық балалары бар. Отбасы Ақтөбе қаласы іргесіндегі Күншуақ елдімекенінде тұрады.
Фото: жеке архивтен
Видео авторы мұндай танымалдылықтан кейін әлеуметтік желіні дамытуды қолға алатынын айтады.
"Біраздан бері желіге видео салып жүрмін. Осы қазбен жүгірген видео "жарып" кетті. Сол кезде жылқыға жем беріп шыққанбыз. Балам қолына құлынға жем беретін ыдысты ұстап алған. Қаздар баланы тістеу үшін емес, қолындағы ыдыста жем бар деп еріп келеді. Балам олардан қорқып, жылап қашып келе жатыр. Өзім қасында тұрмын. Шаруада мұндай көріністер жиі болады. Осы кезде видеоға түсіргенмін. Өзім жылқыны жалға беруді кәсіп қыламын. Пониды, жылқыны сағатына жалға беремін. Өзімнің балаларым да атқа мінеді. Оны желіге жүктеп, бөлісіп отырамын. Енді осы сәтті пайдаланып, ұлттық спортты насихаттағым келеді", – дейді Махамбет Ермеков.

Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесін басқа мектептерге беру үшін 22 млрд теңге бөлінген: НЗМ қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы айтудан бас тартты
