Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоныс аударғаныма бір сәт те өкінген емеспін": АҚШ-қа 10 жыл бұрын көшкен қазақстандық кәсіби боксшы отандастарына спорт визасын алуға көмектесіп жүр

Аида Сатыбалдинова – Қазақстаннан Америкаға барған кәсіби жалғыз әйел боксшы, халықаралық GBO, WBF жүлдегері. Көкшетаулық қыз кейінгі 10 жыл Америкада тұрады. Қазақстанда кәсіби бокс дамымағандықтан АҚШ-қа бокспен кәсіби түрде айналысу үшін арнайы көшіп бардым дейді. Бүгінде ол бокспен айналысып қана қоймайды, Қазақстаннан АҚШ-қа баратын спортшыларға виза рәсімдеуге көмектеседі. Stan.kz Lady sparta атымен танымал боксшымен сұхбаттасып, спорт визасына қатысты сұрақтарға жауап алды.

Фото: South paw photography

Спортшы АҚШ визасын алу үшін америкалық жұмыс берушімен контракт жасауы керек

Аида Сатыбалдинованың сөзінше, АҚШ-та спортшыларға арналған визаның Р-1 және О-1 деген түрлері бар. Р-1 деген – жұмыс визасы. Ол спортшы командамен, жаттықтырушымен немесе промоутормен 2-3 жыл келісімшартқа отырған кезде беріледі.

"Келісімшарт мерзімі аяқталғанда егер спортшымен әрі қарай жұмыс істегісі келсе, виза мерзімін ұзартуға болады. О-1- талант визасы және бұл ең күшті виза болып есептеледі. Оны алу Р-1 визасын алудан қиын, бірақ есесіне кейін green карта алуға мүмкіндігі көбірек. Алғашында мен де сөйттім, бастапқыда тур визамен келдім де, сосын 3 жылдық талант визасын алдым. Пандемия кезінде оны тағы бір жыл созып берді де, кейін EB-1А green картасын алдым. Бұл экстраординар қабілеттері бар адамдарға арналған", – дейді Аида.

Спортшыға виза алу үшін ең бірінші керегі – америкалық жұмыс берушімен жасалған контракт. Бұл құжатсыз Р-1 немесе О-1 визасын ала алмайды.

"Бұл – міндетті шарт, мұнсыз спортшыға виза берілмейді. Екінші маңызды нәрсе, спортшы шынымен өзінің спортқа қатысы бар екенін дәлелдеуі керек. Сертификат, диплом көшірмелері, медальдардың фотосы және спортқа қатысты кез келген дүние. DS-160 формасын толтырып, паспортты, елшілік жарнасын төлегені туралы квитанцияны және Америка тарапынан шақыруды өткізеді. Егер адам О-1 визасын алғысы келсе, онда бұған халықаралық марапаттарын, БАҚ-та жарияланған мақалаларды, Кәсіби спорт ұйымдарына мүше екенін, танымал сапаршылардан мінездемесін қосуы керек. Егер Америкадағы жұмыс беруші спортшының потенциалын байқап, ол арқылы ақша таба алатынына сенсе, контрактты созады. Онсыз виза берілмейді", – деп түсіндірді боксшы қыз.

Визаны беру мерзімі спортшының керек құжаттарды жинап, оны қаншалық тез өткізуіне байланысты. О-1 визасының жауабы 2-4 айда шығады, ал Р-1 2-6 айда дайын болады. Бұған қоса тездетілген түрі бар. Егер спортшы құжатын тапсырып, екі аптада жауабын алғысы келсе, 2025 жылғы бағамен қосымша 2500 доллар елшілік жарнасын төлейді.

Ал виза рәсімдеудің құны адвокатқа байланысты. О-1 визасына тапсырғанда 7500 доллар төлейді, green картаға 10 000 доллар төлейді, ал егер тез арада жасатқысы келсе, 2500 доллар төлейді. Арзанырақ адвокаттар да бар.

Фото: South paw photographyФото: South paw photography

“Көмек алғандардың бәрі виза алды”

Осы ретте Аида виза рәсімдеріне тәжірибесі болғандықтан көмектесетінін айтты. Көмек алған адамдардың бәрі визасын ойдағыдай алыпты.

"Мен виза рәсімдей алмаймын, себебі адвокат ретінде лицензиям жоқ және паралегал (кәсіби маманның көмекшісі) болып саналмаймын. Бірақ осы процестің бәрін өткен спортшы ретінде құжат жинауға, мінездеме жазуға көмектесемін. Қайдан алады, қалай жинайды, өтіп кету үшін қалай рәсімдеу керек – осы мәселелерде көмектесемін. Айтпақшы, сұхбаттан өтудің қажеті жоқ, тек спортшы Қазақстаннан өтініш беріп жатса, елшілікке жинаған құжатымен барады және кейбір сұрақтарға жауап береді. Өз атымнан біреуге құжат рәсімдеген емеспін. Шынымды айтсам, менен көмек алған адамдардың бәрінің құжаты дұрыс келіп, виза алды. Қазақстаннан тек бір жігіт жазды, менің адвокатым арқылы визаға құжат тапсырды, оған Р-1 визасын үш жыл мерзімге берді. Ал визаның статусын Америкада жүріп өзгерту оңай", – дейді ол.

Сонымен қатар спортшының әйелі мен балалары келе алады. Спортшының визасы О-1 болса, отбасы О-3 визасын, ал Р-1 болса, Р-3 жасатады, бірақ отбасыға арналған бұл визалармен жұмыс істей алмайды. Әдетте виза жасаудан бірден бас тартпайды, көбіне қай құжаттарды түзеу керек екені жазылған хат жібереді. Сол қателерді түзетіп, қайта жіберуге болады, жас шектеуі жоқ.

"Әдетте былай: менен көмек сұрайды, мен оны адвокатыма жіберемін. Ал ол кісі алдын ала бәрін қарап, виза алу мүмкіндігі жоғары немесе ала алмайсыз дегендей түсіндіріп айтады. Ал бұдан кейінгісін адам өзі шешеді. Әйтпесе АҚШ-та алдын ала көп нәрсе уәде беріп, ақшасын алып, бірақ соңында виза алмай қалатындай мамандар бар. Әрине, олар ақшасын қайтармайды. Сондықтан адамның өзі жауапкершілікпен қарағаны жөн. 100% сенімді болып алу кейде зиян, алдын ала бәрін ойластырып, қауіптерді қарастырып алған дұрыс", – деді ол.

 

“Америкаға боксты кәсіби түрде үйренемін деген нық мақсатпен келдім”

Ал Аиданың өзі 2014 жылы АҚШ-қа Қазақстаннан турист визасымен барған. Ол кезде тур виза беретін және мерзімі 5 жылға дейін еді. Ал бүгінде ол – green карта иесі және Америкада Қазақстан атынан жекпе-жекке шығып жүрген әйел боксшы.

"Мұнда мен сияқты көшіп келген қазақстандықтармен таныстым. Бір көкшетаулық жерлесім Эдди деген адвокатпен жұмыс істеп жүрді, кейін ол менің де адвокатым болды. Сол арқылы визадағы статусымды ауыстырайын дедім. Эдди О-1 визасын (талант визасы) таңдағанымыз тиімді деп түсіндірді. Қиын болатынын айтты, бірақ алуға болады деді. Ақыры визаны алдым, одан кейін green картаның да иесі болдым. Америкаға бокстасамын, боксты кәсіби түрде үйренемін деген нық мақсатпен келдім. Алғаш келгенде үш күннен соң маған спарринг (жаттығу түріндегі жекпе-жек) ұйымдастырып берді. Ал екі аптадан соң өзімнің алғашқы турниріме шықтым және жеңдім. Қазақстаннан шығып, Америкада өнер көрсетіп жүрген жалғыз әйел боксермын. Қазақстанның туымен шығамын, бұл мен үшін өте маңызды. Менің өзімді ғана емес, Қазақстаннан екенімді де білгенін, танығанын қалаймын", – дейді ол.

“Боксерларды емес, жүк тасушыларды алып келгендей әсер қалдырады”

Ол елде жүргенде де әуесқой боксшы ретінде жекпе-жектерге қатысып жүрген. Ал кәсіби бокс елде болмады, қазір де мүлдем дамымаған дейді.

"Қазақстан арасында бокс кештерін өткізіп тұрады. Бірақ ол да жақсартуға мұқтаж. Матч ұйымдастыратындар, Қазақстанда өтетін шаралардың промоутерлері ренжімесін, бірақ олардың Америкаға алып келетін оппоненттері, біздің боксерларға ұйымдастыратын жекпе-жектерін бокс деп айту қиын. Олар бүкіл жүк тасушыларды, қара жұмысшыларды, үндістер мен африкалықтарды тиеп алып келгендей әсер қалдырады. Олар төбелесе алмайды, оның үстіне бокс Қазақстанда мүлдем дамымаған", – деп өкінішін білдірді боксшы.

Аида Сатыбалдинова желідегі парақшасында АҚШ-тағы мигранттарға қатысты да пікір білдірді.

"Америкада заңсыз жүрген бір жерлесімді шығарып салдым. Оның тіпті паспортының да мерзімі біткен екен. Оған елге ғана қайта алатындай қағаз берген. Енді ол ешқашан Америкаға кіре алмайды. Мен оның кетіп бара жатқанына көңілім түсті. Бірақ анасы ол қызды "Америкада қал" деп көндірмеуімді сұрады. Мен әрине, өзгенің өміріне, жеке шешімдеріне араласпаймын әрі мұндай кезде кеңес беруге құқылымын дей алмаймын", – деді ол.

Фото Аида Сатыбалдинованың жеке парақшасынанФото Аида Сатыбалдинованың желідегі парақшасынан

Бокспен тұрақты шұғылдануға дисциплина көбірек шабыттандырады дейді ол. Тіпті бокстағы мансабы аяқталған күнде де спортпен айналысамын деп жоспарлап отыр. Одан бөлек те мақсаттарын бөлісті.

"Өзім үшін, денсаулығым үшін спортты тоқтатпаймын. Спорт үйреткен қабілеттерге, үлкен мектепке, спортқа деген қызығушылығымды ашқан менің алғашқы жаттықтырушым Б.М.Оздоевқа (ауыр атлетика) алғыс айтамын. Қазір Американың Ұлттық гвардиясына қосылуға дайындалып жүрмін. Сондықтан қазір бар назарым сол дайындықта. Болашақта өзімнің "Салауатты өмір салты" академиямды ашқым келеді. Онда жаттықтырушылар, дәрігерлер, нутрициологтар, диетологтар және басқасы бір жерде болса және адамдарға көмектессе деп армандаймын", – дейді ол.

“Көшіп келгеніме бір сәт те өкінген емеспін”

Аида АҚШ-қа кетіп, арманын орындап жүргеніне еш өкінбейтінін жеткізді. Мұнда бәрі басқаша дейді ол.

"Американы жақсы көремін, бұл жақа көшіп келгеніме бір сәт те өкінген емеспін. АҚШ – тамаша мүмкіндіктер елі. Мұнда барлық нәрсе басқа, адамдар да, айнала да, өмір де. Шынымды айтсам, Қазақстанда жүргенде адамдардың көбі маған сенбеді. Ақшасы көп, бай, кез келген мәселені қаржымен шеше салатын отбасыдан емеспін. Бірақ өзіме, АҚШ-қа келіп, арманыма жететініме сендім. Көп жұмыс істеп, жолыма және осында алғашқы уақытта өмір сүруге ақша жинадым. Барлық қазақстандықтарға жақсылық, даму, махаббат, сәттілік пен жеңіс тілеймін. Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар дер едім. Күйзеліс аз болсын, өміріңізде позитив, жақсы көңіл-күй көп болсын", – деді Аида Сатыбалдинова.
Талқылау