Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанда спорт залда уақыт өткізсе, америкалықтар ит-мысықты серік етеді": Әлем елдері лудоманиямен қалай күреседі

Қазақстанда 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Олардың 200-ге жуығы кәмелет жасына толмай, әлдекімнің атынан логин ашса, енді 40%-ы құмар ойындарға тәуелділік салдарынан ажырасып кеткен. Елімізде құмарлықтан оңалту орталықтары жұмыс істегенімен, статистика көңіл көншітпейтіні байқалады. Stan.kz тілшісі басқа шет мемлекеттердің құмар ойынға қарсы күресу шаралары мен тәжірибесін зерттеп көрді.

Фото: copilot.microsoft.com/Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Қазақстанда қалай емдейді?

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділіктен арылуға көмектесетін орталықтың маманы Дәден Сәлімжанов мекеменің қалай жұмыс істейтінін айтып берді. 

Ерлер мен әйелдерге арналған бөлмелер әртүрлі ғимараттарда орналасқан. Психологпен сабақтар халықаралық талапқа сәйкес келетін кең үй-жайларда өткізіледі. Оңалту орталығында спорт залдары, арт-терапия кабинеттері, тренингтер өткізуге арналған дәрістер мен психотерапевтік топтар бар.

Дәден Сәлімжановтың дерегінше, емделудің толық курсы шамамен 5-9 айды қамтиды.

"Оңалту кезінде психотерапевт және психологтармен белсенді түрде жұмыс жүргізіледі. Әдетте, құмар ойынды емдеу оны хабардар етуден басталып, келесі жолы тағы қайталанбауы үшін алдын алу стратегиялары әзірленеді. Негізгі кезең – бұл адам жеке өзінің проблемасы бар екенін мойындап, көмек сұрауға шешім қабылдаған кезі", – деді маман.

Емдеудің өзгешелігіне бұған дейін құмар ойынға тәуелді болып, жеңе білген адамдардың консультация беруі кіреді дейді маман.

"Бұрын құмыр ойын ойнаған адамдар мекемеге дәл осы дертпен келген адамдарды жақсы түсінеді. Себебі ол сол жағдайда, сол күйде болды. Ол науқастың ішкі қиналысын түсіне отырып, достық қарым-қатынас орнатады. Онымен бірге жиі топтық және жеке терапияға жазылып, күйзелістен шығаруға көмектеседі. Өзі бастан өткізген сәттерді еске ала отырып, тәжірибе барысында қолдануға тырысады", – деді маман Дәден Сәлімжанов.

Дәден Сәлімжанов ведомство елімізде заңсыз құмар ойынмен күрес бойынша алдағы екі жылға іс-шара дайындалғанын айтты. 

  • Қазақстанда лудоманияның уәжі мен көлемі жайлы республика бойынша қоғамдық тексеріс жасау ;
  • Құмар ойынға тәуелді науқастарға консультациялық кеңес беретін интербелсенді сайт жасау;
  • Жарнамаға қатысты еліміздегі қолданыстағы заңнамаларға букмекерге арналған орындарға, жарыстарға жарнама жасауды тоқтату туралы бөлімді өзгерту; 
  • Лудомандарды емдейтін медициналық мекемелердегі жұмыстарға рұқсат беруді қамтамасыз ету секілді іс-шаралар атқарылады”, – деді психолог.

Ресей психотерапевтері йога жасауды ұсынады

Ресей ғалымдары құмар ойынға тәуелділіктен айығуға болатынын, алайда терапия жан-жақты жүргізілу керек екенін атап өтті. Ғалымдардың сөзінше, біріншіден, бұған психикалық оңалту әдістері кіреді. Олар топтық және жеке терапияны қамтамасыз етеді.

Йогамен айналысып, рухани байланыс іздеу

Бұл қадамда адам йога жаттығуларын жиі жасап, ақыл-ой мен сана биігінде өзінің таным-түсінуге талпынады. Йогамен айналысқандардың басым бөлігінде психикалық және физикалық денсаулығына оң әсерін берген.
Таңертеңгі йога сабақтары құмаройыншыларда жиі жетіспейтін қуаныш гормоны – эндорфиннің бөлінуіне ықпал етеді. Сөйтіп йога сабақтары әлеуметтік оңалту процесін тиімдірек жүргізуге септеседі.

Өз-өзіне талдау жасау

Бұл әдістің мәні – пациентті қабылданған шешімдерге жауапкершілікпен қарауға және жағдайдан шығудың барлық шығу жолын іздеуге үйрету. Науқас бір тәулік ішінде өзімен болған нәрсені егжей-тегжейлі зерттеп, жазбаша есте сақтауды және бойында пайда болған эмоцияларды түсінуі керек. Ол психологиялық күйзелісті тудырған оқиғаларды анықтауды және жағдайдан дер кезінде шығып кетудің нұсқаларын іздеуді үйренеді. Бұл ақпаратты топтық сабақта ұсынады. Қалған топ оған әрбір нақты жағдай бойынша кеңес беріп отырады.

Еңбек терапиясы

Бұл құмар ойындарға тәуелді адамға тәуелділіктен арылуға көмектесіп, дене қозғалысынан нақты нәтиже алуға мүмкіндік береді. Еңбек еткен науқас істеген жұмысынан “қанағаттану” сезімін алып, өзін іштей мақтай бастайды.

Кодтау

Тек кодтауды қолдана отырып, құмар ойынға тәуелді адамды оның тәуелділігінен толығымен арылту мүмкін емес. Бірақ бұл тәуелділікті жеңуге ықпал етіп, әрі қарай терапия үшін негіз жасайды. Кодтау гипноз көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай сессиялар кезінде құмар ойындардан бас тартуға деген көзқарас қалыптасады. Ескертетін жағдай, сеансқа дейін науқас тексеруден өтуі керек.

Ерлі-зайыптылар бірге психологпен жұмыс істейді

Түркияда құмар ойынға шалдыққан науқастар маманнан көмек сұрап, емделу арқылы тәуелділіктен біржола құтыла алады. Бұл елде құмар ойындарға тәуелділікті емдеуде қолданылатын бірнеше әдіс бар:

  • 1-кезеңде стационарлық емдеу бағдарламалары болады. Мұнда құмар ойындарға қатты тәуелді адамдарға препарат түріндегі ем-шара ұсынылады. 
  • Когнитивті мінез-құлық терапиясы (CBT): Бұл әдіс жалған сенімдер мен дәлелдер сияқты құмар ойындарға байланысты зиян ойлар мен әдеттерді өзгертуді қамтиды. Сонымен қатар бұл терапия құмар ойындарға деген құмарлықты қалай басқаруға болатынын және құмар ойындарға тәуелділіктің нәтижесінде пайда болатын жұмыс, қаржылық және қарым-қатынас мәселелерімен қалай күресуге болатынын білуге көмектеседі.
  • 4-қадамдық бағдарлама – когнитивті мінез-құлық терапиясының бір нұсқасы. Құмар ойындар туралы ойды 4 кезеңде өзгертуге бағытталған: белгілерді өзгерту, анықтамаларды өзгерту, ойды өзгерту және құндылықтарды қайта бағалау.
  • Неке және қаржылық кеңес беру: құмар ойындарға тәуелділіктен туындаған қаржылық және қарым-қатынас мәселелерін жеңу үшін әйеліңмен немесе күйеуіңмен отырып, сәтті жұмыс істеуге бағытталған. Мұнда ерлі-зайыптылар арада туындаған қаржылық дағдарыстан шығуға ұмтылады. 

​​Түркия 1998 жылы казиноларға және 2006 жылы мемлекеттік емес онлайн құмар ойындарға тыйым салды. Дегенмен мемлекеттік лотерея (Milli Piyango) және бәс тігу қызметтері, сондай-ақ кейбір заңсыз онлайн құмар ойындары бар.

Америкадағы “Миннесота моделі”

Дәрігерлер емделушілерге "науқас" терминін мүлдем қолданбайды. Олар демалыс үйінде 8-12 апта тұрады. Лицензиясы бар кеңесшілер анонимді түрде құмар ойынға шалдыққан науқастардан тест алып, аурудың жағдайын анықтап алады. Психотерапевтердің басым бөлігі оңалтудың “12 қадамына” негізделген қолдау топтарын ашып, терапия сессияларына қатысады.

Мұнда қатысушылардың бейімделу процесіне көмектесетін жануарлар да тартылған. Мысалы, ит пен мысық науқастардың жанында табылып, серік болады. Емделушілер орталықта 8 апта тұрғаны үшін 30 000 доллар төлейді. Қазақстанда да мұндай әдістеме арқылы емдейтін орталықтар бар.

Талқылау