"Алты баламмен далада қалдым": Stan.kz "Харекет" қайырымдылық қорымен бірлесіп көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

Ақмарал Мамбетова – алты баланың анасы. Жолдасы бір жыл бұрын жамбасын сындырып, жұмысқа жарамсыз болып қалған. Кенже баласы туғаннан мүгедек. Отбасын асырау үшін келіншек ыдыс жуушы болып еңбек етеді. Тапқан табысы балалардың нанынан артылмайды. Келіншек қаланың қақ ортасындағы құлауға әрең тұрған сарайды 10 жылдан бері жалдап тұрады. Үй иесі кәсіп үшін аталған орынды сатпақ. Енді көпбалалы ана қыста балаларымен далада қалмақ. Stan.kz тілшісі әйелдің ауыр жағдайымен танысып қайтты.
Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл үйде адам тұрады деп ешкім ойламасы анық. Қабырғалары қақырап, есіктері сынып, терезе әйнектері скочпен әрең бекітілген. Көпшілік бұл жерді қараусыз қалған баспана деп ойлап, ауласына қоқыс тастап кете береді. Ал сол қоқысты Ақмаралдың алты баласы жинап, қажетіне жарайтынын алып, қалғанын лақтырады.

Фото: видеодан скрин
Ақмарал Мамбетова алты баласымен құлауға әрең тұрған үйді он жылдан бері жалдап тұрып келеді. Жолдасы еңбекке жарамсыз болғандықтан, алты перзентін жалғыз өзі асырап отыр.
“Бұл үйді он жылдан бері жалдап тұрамыз. Жолдасым жұмысқа жарамсыз. Алты баланы жалғыз өзім асырап отырмын. Қазір ыдыс жуушы болып еңбек етемін. Кіші ұлым туғаннан мүгедек, тапқан табысымның барлығы дерлік соның еміне кетеді. Кейде үйге бір үзім нан алуға да ақша болмай, балаларым аш күйі ұйықтайтын кездер бар. Тұрып жатқан үйіміз құлауға әрең тұр. Ай сайын 30 мың теңге төлейміз. Бірақ мұнда өмір сүру өте қиын. Үйді от жағып жылытамыз, ауыз суды көршіден сұрап ішеміз. Көріп тұрғандарыңыздай, дастархан жаюға да шамамыз жетпейді. Әбден шаршадым”, – дейді Ақмарал Мамбетова

Фото: видеодан скрин
Үйге кіреберістегі ескі пештің маңында балалар тамақ ішіп, сабақ оқып, ойнайды. Жалдамалы баспанада тұрмысқа қажет жағдай мүлдем жоқ. Үйді жылыту үшін от жағады, ал жуыну үшін көрші үйлерден су сұрауға мәжбүр. Күйеуі жұмысқа жарамсыз қалған соң, Ақмарал күндіз-түні еңбек етеді. Ал балаларының ең үлкені өзі де әлі бала бола тұра, інілері мен қарындастарына қарап, кейде құлауға шақ тұрған пешті өзі жағады. Себебі от жақпаса, үй қыста суып, балалар тоңып қалады. Үлкен балалар кішілері аш қалмасын деп, қолдағы барын бөліседі. Олар ойыншықты емес, кейде бір үзім нанды бөліп жеуге мәжбүр. Ата-анасының ауыр жағдайын түсінген балалар ештеңе сұрамайды. Ақмаралдың балалары үшін телефон түгілі, теледидардан мультфильм көру де қолжетімсіз.

“Біз Жаңа жылды тойламаймыз. Басқалар отбасымен дастархан басында жиналып, сыйлық алып жатқанда, біз бауырларымызбен терезеден отшашуды көріп жатып ұйықтаймыз. Ал ата-анамыз түнгі кезекшілікке кетеді. Тортты туған күндерде ғана жейміз. Ол күн – біз үшін нағыз қуаныш. Қазір бәрі қымбат екенін түсінеміз, ата-анамызды қинағымыз келмейді. Сондықтан басқа балалар сияқты сыйлық алып бер деп сұрамаймыз. Бір күні бәрі жақсы болады деп үміттеніп, сол оймен ұйқыға кетеміз”, – дейді.
Ақмарал жоқшылыққа әбден төзген. Баласының мүгедектігін де қабылдаған. Алайда бұл жолы келіншектің алты баласымен барар жері жоқ. Үй иесі кәсіп мақсатында бұл жерді сатпақ, сатып алушы да дайын. Қыс таяп келеді, ал көпбалалы ана балаларымен бірге далада қаламыз ба деп қауіптеніп отыр.
“Қазір балаларыммен барар жеріміз жоқ. Бұл үйді иесі сатуға қойды. Енді не істейтінімді білмей отырмын. Үлкендерім ес біліп қалған соң, "қашан өзіміздің баспанамыз болады?" деп жиі сұрайды. Оларға жауап бере алмай, қатты қиналамын. Тіпті түнімен, балаларға білдірмей жылап шығамын. Қатты шаршадым. Жалғыз арманым – баспаналы болу. Сол арманым орындалса, ұлымды емдетуге мүмкіндік табар едім. Қыста далада қалсам, не істеймін?” – дейді келіншек.

Фото: видеодан скрин
Ақмаралдың ауыр жағдайын көрген соң, біз үнсіз қала алмадық. Егер дер кезінде көмек қолы созылмаса, қыстың қақаған аязында алты бала далада қалуы мүмкін еді. Stan.kz ұжымы қайырымдылық қорларымен байланысқа шықты. Балалардың мүшкіл халін назарға алған "Харекет" қайырымдылық қоры біздің өтінішімізді қабылдап, отбасының талаптарға сай келуін тексеріп, көпбалалы отбасына баспана сыйлады.


“Біз бұл отбасыны жаз айынан бері бақылап, жағдайын назарымызға алған едік. Енді жыл соңында олар 1590-үйдің иесі атанып отыр. Бұл – балалар үшін де, ата-ана үшін де үлкен несібе, шынайы қуаныш. "Харекет" қайырымдылық қоры алты балалы отбасыға береке мен шаттық тілейді. Енді Ақмарал мен балалар өз үйінде, жылылықта өмір сүріп, жаңа жыл мен алдағы мерекелерді қорқынышсыз қарсы ала алады”, – дейді “Харекет” қайырымдылық қорының өкілі.

Фото: видеодан скрин
Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған