Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Альмираның қатысы жоқ": Ақан Сатаев бұрынғы әйелінің сұхбатына жауап берді

Ақан Сатаев бұрынғы әйеліне жауап бердіФото: https://www.instagram.com/akansatayev

Танымал режиссер Ақан Сатаев әлеуметтік желідегі парақшасында экс-жұбайы Назира Бақаеваның сұхбатта айтқан мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі жеке өмір әрдайым жеке қалуға тиіс деп санайтынын жазды. Алайда бұрынғы жұбайының сұхбатынан кейін балаларына қатысты түрлі қысымның алдын алу мақсатында түсініктеме беруді жөн көргенін жеткізді.

Режиссердің сөзінше, ажырасуға үшінші тұлғалардың, соның ішінде актриса Альмира Тұрсынның ешқандай қатысы жоқ.

“Біздің ажырасуымыздың себептері нақты бөлек шығудан және некенің ресми түрде бұзылуынан әлдеқайда бұрын қалыптасқан. Бұл тек біздің жеке келіспеушіліктерімізге байланысты. Басқа кісілер ажырасуға себеп те, сылтау да болған жоқ”, – деп жазды ол.

Ақан Сатаев Бақаеваның сұхбат барысында отбасындағы келіспеушілік 2016 жылдан басталғанын айтқанын, бұл жағдай “Томирис” фильмі түсірілгенге дейінгі кезеңге сәйкес келетінін еске салды.

“Ажырасуға дейін де, кейін де Назира басқа бір адамды себеп ретінде атаған емес. Соның ішінде Альмира да бұл мәселеге қатысы жоқ. Қазіргі мәлімдемелер мен үшін де күтпеген жағдай болды және олар қоғамдық пікірге манипуляция жасау әрекеті секілді көрінеді”, – деп жазды ол.

Ақан Сатаев балаларға қатысты барлық шешім алдын ала келісілгенін алға тартты.

“Балаларды тәрбиелеу, тұрмыс жағдайы және қарым-қатынас мәселелері біз бен балалар арасында алдын ала талқыланған", – деді режиссер.

Оның айтуынша, ол Назираға балалармен бірге үйде тұра беруді бірнеше рет ұсынған, алайда бұрынғы жары бөлек тұруды өзі қалаған. Дегенмен аталған үй болашақта балаларға мұра ретінде қалады.

Сондай-ақ өнер иесі қаржылық қолдау көрсетілгенін де нақтылады.

“Назираның таңдауы бойынша үш бөлмелі пәтер сатып алып, жеке меншігіне бердім, автокөлікті қалдырдым және қаржылай қолдау көрсетуді жалғастырып келемін”, – деп жазды ол.

Бүгінде балалар әкелерімен бірге тұрып жатыр. Сатаев олардың анасымен қарым-қатынасына ешқашан кедергі жасамағанын айтты.

Жазба соңында Ақан Сатаев ажырасқаннан кейін төрт жыл өткен соң Альмирамен ресми түрде некеге тұрғанын жеткізді.

“Бұл шешім балаларымыз бен жақындарымыздың келісімімен қабылданды”, – деді ол.

Қазір Альмира мен оның ұлы отбасымен бірге бір шаңырақ астында тұрып жатыр.

“Біздің отбасымыздың барлық мүшесінде қазір өзара сыйластық пен мейірімге негізделген байланыс қалыптасты”, – деп жазды ол.

Бұған қоса режиссер туындыларының сценарийлеріндегі “бірлескен автор” мәселесі бойынша да ойын айтты.

“Өз фильмдерімді түсіру барысында мен расымен де туған-туыстарыммен, жақындарыммен ақылдасамын, олардың пікірін сұраймын. Олардың кеңесі мен пікірлері жоба үшін “бірлескен авторлық” деп аталатынын ойламаппын”, – деп жазды ол.

Ақан Сатаев бұл мәселені әрі қарай талқылауды жоспарламайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Назира Бақаева 25 жыл отасқан Ақан Сатаевпен ажырасуына актриса Альмира Тұрсын себеп болғанын айтып, сұхбат бергені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 05 Қаңтар, 2026 13:26