"Әркімнің өз жолы бар": Альмира Тұрсын Назира Бақаеваның даулы сұхбатынан кейін мәлімдеме жасады
Фото: https://www.instagram.com/almiratursyn/
Көпке “Томирис” фильміндегі басты рөлі арқылы танылған актриса Альмира Тұрсын әлеуметтік желідегі парақшасында режиссер Ақан Сатаевтың бірінші әйелі Назира Бақаеваның даулы сұхбатынан кейін жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актриса қазақстандықтарды өзгенің жеке өміріне араласып, асығыс үкім шығармауға шақырды. Оның айтуынша, біреудің тағдыры – көпшілік талқылайтын тақырып емес.
“Желіде не болып жатқанын қарасаң – нұсқа мен жорамал көп, өшпенділік, қарғыс та жетеді… Біреудің жаны – тұңғиық, біреудің өмірі – көпшілік талқылайтын алаң емес. Біз адамның нені бастан өткергенін білмейміз. Неге дәл сондай таңдау жасағанын да білмейміз. Не туралы ойлайтынын, не деп дұға тілейтінін де… Сырттан қарап үкім айту оңай. Сұрамаған кеңесті беру де оңай. Өзің өмір сүрмеген жағдайдағы шешімдерді талқылау да оңай”, – деп жазды ол.
Өнер иесі әркімнің өз жолы бар екенін алға тартты. Оның сөзінше, әр адамға өз өмірін өзі қалағандай сүруге мүмкіндік беру қажет.
“Алайда әркімнің өз жолы бар. Өз қатесі, өз жеңісі бар. Көргеніңнің бәрі сенің пікіріңді талап етпейді. Түсінбегеніңнің бәрі түсіндіруді қажет етпейді. Адамға өз өмірін сүруге құқық беріңіз – сізге “дұрыс” көрінетін өмірді емес. Баршаңызға тыныштық, мейірім, махаббат және бақыт тілеймін. Өз өміріңіз өзгелердікінен де қызық болсын!” – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Назира Бақаева 25 жыл отасқан Ақан Сатаевпен ажырасуына актриса Альмира Тұрсын себеп болғанын айтып, сұхбат бергені хабарланған еді.
Кейінірек Ақан Сатаев бұрынғы әйелінің сұхбатына жауап берді.
"6 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады": Ауылда мал бағып жүріп, ағылшын үйренген 16 жастағы қазақстандық жұртты тәнті етті