Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының әскери қызметкері қос бүлдіршінді өлімнен құтқарып қалды

Алматының әскери қызметкері қос бүлдіршінді өлімнен құтқарды. Қаладағы 73 652 әскери бөлімінде жұмыс істейтін Бауыржан Сабиев Есентай өзеніне құлап, абайсызда мерт бола жаздаған екі баланы аман алып қалған.

nz1.ru_14866393887

 

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

Алайда, бейбіт күннің батыры бұл жайлы тіс жармауды жөн көрген. Алғысын арқалаған ата-ананың арқасында оның ерлігі өзге әріптестеріне үлгі етіліп, марапатқа ие болды.

«Айнабұлақ» ықшам ауданындағы 73652 әскери бөлімде істейтін Бауыржан Сабиев әдеттегідей үйінен түскі асын ішіп,  жұмысына аттанып бара жатады. Кенет үй маңынан жас баланың айқайлап, көмек сұраған жанды даусын құлағы шалыпты. Дереу маңайды шарлап, өзенге батып бара жатқан ағайынды екі баланы құтқарып қалған.

«Міне осы суға түсіп кеткен. Қалай түсіп кеткенін білмеймін, әйтеуір сырғанап түсіп кеткен бе, мына қоқыстың арасынан ағашқа барып тірелген. Екеуі шыға алмайды. Кішкентайының жағдайы тіпті нашар болып кеткен, тұншығып қалған суға. Үлкені қайта ағаштың шетінде ұстап тұр. Бірақ соның өзінде де екеуі қатып қалған. Содан өзім де түсіп, балаларды бері қарай шығарып үйге апардым», – деді Алматы қаласындағы 73652 әскери бөлімінің қызметкері Бауыржан Сабиев.

Бауыржан балаларды судан шығарғанда олар әрең демалып жатыпты. Әскери қызметкер дереу алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыртқан. Дәрігерлер қос бүлдіршінді бірден қаладағы №1 ауруханаға алып барып, олар жан сақтау бөлімінде тиісті емін қабылдапты. Белгілі болғандай, суға батқан балалар Есентай өзенінің бойына сырғанақ ойнауға келген екен. Алайда, аяқтары тайып абайсызда мерт бола жаздаған.

«Сырғанақ тепкенбіз. Өзеннің бойынан кетіп бара жатқанбыз, інімнің аяғы суға түсіп кетті. Мен оны алып шығам деп өзім де түсіп кеттім», – деді Қадір Егембердиев.

«Қазір кішкентайым қорқады, есікке шығудан да қорқады. Далаға шығып, жүр бізбен айналып кел десем, бірдемені елестетіп тұрады да сайға бармаймыз дейді. Үнемі айтып тұрады «бізді солдат құтқарған» деп күнде айтады», – деді Қадірдің әкесі Жырғалбек Қадіров.

Айта кетсек, оқиға өткен жылы желтоқсан айында болған. Десе де, балаларды өлімнен құтқарып қалған Бауыржан Сәбиев ерлігі жайлы ешкімге тіс жармапты. Әріптестері бұл туралы аман қалған екі баланың ата-анасынан естіпті.

«Осындай жағдайды біз әке-шешесінен естіп жатырмыз. Ол өте сыпайы жігіт, ешкімге айтпаған ерлігін. Естігеннен кейін барып бүкіл біздің жеке құрамның алдында оның ерлігін айтып, кіші сержант атағын беріп, бағалы сыйымызды беріп марапаттадық», – деді Алматы қаласындағы 73652 әскери бөлімінің командирі Жанат Бектұрғанов.

Бейбіт күннің батыры Бауыржан Сабиевтің ерлігі әскери бөлімнің барша қызметкерлеріне үлгі етілді. Бөлім командирінің сөзінше, мұндай ержүректік танытып, шапшаңдықпен адам өмірін арашалап қалған жағдай алғаш болып отыр екен. Сондықтан да Бауыржанды үлгі етіп, марапаттап кіші сержант атағын берді. Ал, өзенге құлаған қос бала, енді ол маңайға аттап баспайтындықтарын жеткізді.

Жіберіп алмаңыз:

20 метрлік биіктіктен құлаған әйелді жұбайы шашынан ұстап құтқарып қалды

Стюардесса ұшақ дәретханасында жазылған хатты оқып жолаушы қызды құтқарып қалды

Қостанай тұрғынын атылмай қалған мылтық өлімнен құтқарып қалды

Талқылау