Алматылық полицейлер апатты жағдай тудырған жүргізушілерді жасырын бақылайды

Алматыда “STOP бұзушылық” ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы аясында жолдарда жасырын патрульдеу форматы енгізілді. Енді патрульдік полиция қызметкерлері азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ автокөліктермен жүргізушілерді жасырын бақылайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұндағы мақсат – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды анықтау, әсіресе агрессивті жүргізушілерді әшкерелеу. Олардың қатарында қарсы жолаққа шығатындар, "шахмат" тәсілімен жүретіндер, басқа көліктерді қысып өтіп, апаттық жағдайлар туғызатындар да бар.
Аталған құқық бұзушылықтарды тіркей отырып, жасырын патрульдер ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолдайды. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартады.
- TikTok-тағы видео полиция қызметкерінің сотталуына себеп болды
- "Ешқандай жаппай жұмыстан шығару емес": ІІМ Алматыдағы жол апатынан кейін полицияны тексеру шаралары туралы айтты
Бұл тәжірибе өз тиімділігін көрсетті. Өткен демалыс күндері осы тәсілмен Алматыда 28 агрессивті жүргізу дерегі анықталып, олардың жолы кесілді. Барлық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
“Жасырын патрульдеуді енгізу жүргізушілердің тәртібін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, әсіресе қауіпті жүргізу мәнерінен туындайтын апаттардың санын азайту үшін енгізілді”, – деп мәлімдеді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Оның сөзінше, жасырын патрульдеу – көзге бірден түсе бермейтін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы. Полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты мінез-құлқын бақылайды. Жол қозғалысы ережесін бұзылса, бұл жедел жақын маңдағы экипаждарға жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады.
Ведомство өкілі олардың міндеті тек жауапкершілікке тарту ғана емес, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.
Бұған дейін полиция көлігінде қызметкер мен жүргізушінің “күдікті әрекеттері” түсірілген видео тараған еді.