Алматыда тапатал түсте көлік көп жүретін тас жол опырылып түсті
Алматыдағы жаңадан салынған Момышұлының Ақын Сара көшесімен қиылысатын тұсында тапатал түсте көлік көп жүретін тас жол опырылып түсті.
Бұл туралы 31 арна жария етті.
Жолдың жарамсыз күйге түсуіне су құбырының жарылып кетуі себеп болған. Салдарынан Момышұлы көшесінің арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына бағыт алған бөлігі бірнеше күнге жабылды.
Тұрғындар жер астынан су кетіп жатқанын кеше таңертең байқап, апат қызметіне хабар берген. Толасыз ағып жатқан су тас жолдың астындағы топырақты шайып жіберген, салдарынан көлік жүретін асфальт та, жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі де опырылып, үлкен шұңқыр пайда болған.
Кеше жұмысшылар жарылған құбырды алмастырған. Ал бүгін тас жолды қалпына келтіру жұмыстары басталады. Бұл маңайдағы су құбырлары 80 жылдары салынған екен. Сондықтан тозығы жеткен диаметірі 1 метрлік құбыр су өткізе бастаған. Құбыр 7-8 метр тереңдікте орналасқандықтан жұмысшыларға оны ауыстыру үшін біраз тер төгуге тура келді.
Күні-түні тыным таппай жұмыс жасап жатқан жұмысшаларға арналып апат орнында арнайы штаб та құрылды. Жалпы оңтүстік астанада су құбырларының ұзындығы 3 мың шақырымға жетеді, оның 63 пайызы ескірген. Сондай-ақ жылу жүйесі құбырларының да ахуалы мәз емес. Сондықтан Алматыда кез-келген уақытта, кез-келген жерден құбыр жарылып, апат орын алуы ықтимал.
“Біз өз қаражатымыздан 18-20 шақырым су құбырын ауыстырамыз. Соңғы алты жыл ішінде Алматы қаласы бойынша өз тарифімізге, “Алматы судың” өз қаражатына 130 шақырым су құбырын ауыстырдық”, – деді “Алматы су” холдингінің қоғаммен байланыс қызметінің маманы Серік Шагиров.
Жаңадан салынған Момышұлы көшесі бұған дейін де опырылып, көлік жүргізушілеріне ыңғайсыздық тудырған. Ол кезде жол сапасыз салынды деген болжам айтылды.
Оқи отырыңыз:
Алматыда төбелесіп жатқан мас жігіттердің бірі полицейдің басын жарып қойды (фото)
Елімізде соңғы тәуліктерде 11 адам суға кетті
Астанада өзіне қол салған қыздың артында 2 жасар сәбиі қалған
Ақмола облысында көліктің дөңгелегі жарылып, баласы мен анасы көз жұмды