Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда полицейлер бір автобус толы Иегова куәгерлерін ұстады

Алматы полициясы бүгін Иегова куәгерлерінің үш күндік аймақтық діни конгресіне қатысуға келген 900 шетелдік мінген 20 автобусты тоқтатты.

Алматыда полицейлер бір автобус толы Иегова куәгерлерін ұстады

Діни ұйымның ақпаратында мұндай жағдай конгресс басталған жұма күні және бүгін де қайталанғаны айтылған. Полиция 500-ге жуық шетелдік мейман отырған 11 автобусты жол-жөнекей тоқтатқан, деп хабарлады Азаттыққа Алматыдағы «Иегова куәгерлері христиандары орталығы» баспасөз қызметі.

Діни қауымдастық оқиғадан түсірілген суреттер мен видеоны да жолдаған.

«1500 қонағымыз түскен тоғыз мейрамхананың жетеуінің алдында таңертеңгі сағат 6-дан бастап патруль көліктері тұрды. Автобустар қозғала салысымен патрульдер оларды тоқтатып, 20 минуттан 3 сағатқа дейін ұстады. Қонақтардың кейбірі егде жаста, денсаулығы да әлсіз, оларға бірнеше сағат бойы көшеде күтуге тура келді», – деп хабарлаған «Иегова куәгерлері» діни ұйымының баспасөз қызметі.

Сонымен бірге олар полиция өкілдері бес көлік жүргізушісін ағзасында алкогольді ішімдік белгілері бар-жоғын анықтау үшін тексеруге жібергені туралы мәлімдеген.

«Иегова куәгерлері христиандары орталығы» бұл беймаза оқиға кезінде шетелдік меймандар діни ұстанымдарына бола полиция тарапынан қысымға ұшырады деген пікір білдірген.

Бұл жайтқа байланысты Алматы полициясынан комментарий алу мүмкін болмады.

Алматыда жұма күні Иегова куәгерлері діни қауымдастығының үш күндік аймақтық діни конгресі жұмысын бастаған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынға бес мың делегат қатысып отыр.Олардың ішінде мың жарым адам АҚШ, Германия, Грузия, Қырғызстан, Украина және өзге елдерден келген. Бұл жиынды өткізуге жергілікті билік орындары рұқсат берген.

 

 

Талқылау