Алматыда мектеп қызметкері жұмыс кезінде арақ ішіп ұйықтап қалған
Алматыдағы №151 орта мектептен тағы шу шықты. Бұл жолы қызметкердің бірі дәл мектеп қабырғасында ішімдік ішіп, ұйықтап қалған. Тіпті директордың өзі оқушыларға сес көрсетіп, ұстаздармен дөрекі сөйлеседі екен. Осының бәрін жұмыстан қуылған күзетші таспаға түсіріп, бұрынғы басшыларының әрекетін әшкерелеп берді, – деп хабарлайды “КТК” арнасы.
Бұған дейін де осы мектептің мұғалімі оқушыға орындық ұстатып жазалағаны үшін қызметінен қуылған болатын. Дәл жұмыс кезінде ішімдікке тойып алып, ұйқыға басқан азамат – № 151 мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі. Масайып қалған қызметкерді күзетші таспаға түсіріп алған. Жұмыстан қуылған ашулы қарауыл енді бар былықты жариялап жатыр.
“Әкімшілік ішіп, мектепте мас жүреді. Мұғалімдер мен басшылар арасында ұрыс-керіс көп. Асхат Ошақбаев мектеп директоры көп өтірік соғатын адам”, – дейді №151 орта мектептің бұрынғы күзетшісі Қуат мырза.
Мұғалімдер мен басшы арасында ауызбіршілік жоқтығын дәлелдейтін деректер де жеткілікті. Оны түсірілген таспадағы ұстаз бен директордың дөрекі әңгімесінен анық аңғару қиын емес.
Басынан дау арылмаған бұл мектепте екі ай бұрын да шу шыққан. 21 жастағы мұғалім сабақтан кешіккен оқушыға орындық көтергізіп жазалағаны үшін жұмыстан қуылды. Басшыларға да сол кезде сөгіс жариялаған болатын. Бірақ бұл оларға сабақ болмаса керек. Директор мен орынбасарлары оқушыларға доқ көрсетуін тоқтатар емес.
Сынға іліккен мектеп басшысымен тілдесу де оңайға емес екен. Алдымен күзетшілері көлденең тұрып тосқауыл болса, артынан директордың өзі сұхбаттан сытылып кетуге тырысқан. Алайда Асхат Ошақбаев бұрынғы күзетшінің айтқанының көбін жоққа шығарды. Тек ішіп алған мектеп қызметкеріне сөгіс жарияланған екен. Ал ұстаздар мен оқушыларға айтылған балағат сөздер менің аузымнан шыққан жоқ деп ақталды.
“Менің аузымнан ондай сөз ешқашан шықпайды. Жігіттер өйтіп артық кетпеңіздер. Менің аузымнан ешқашан шықпайды”, – №151 орта мектептің директоры Асхат Ошақбаев.
Білім ошағындағы ұжым да екіге жарылған. Жікке бөлінгендердің көбі директорды қолдайды. Сондықтан сабақтарын тастап шыққан ұстаздар қауымы басшыларын ақтап алу үшін түсіру тобын қаумалап алып, айқайдың астына алды.
Соңғы екі айда екі мәрте сынға ұшыраған білім ошағын енді тағы да тексеріс күтіп тұр. Жұмыстан қуылған күзетші бар былықты айтып, аудандық білім бөлімі мен прокуратураға шағым жазған. Сондықтан ертең бұл мектепке кезекті рет комиссия келіп, барлық деректің рас-өтірігін анықтамақшы.
Оқи отырыңыз:
Алматыдағы №151 мектеп мұғалімі оқушыларды “ескі әдіспен” жазалауда