Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Кенжехан" базары басшысының үйіне қарулы шабуыл жасалып 537 миллион теңгенің мүлкі ұрланған

Фото: @kozachkow / “Кенжехан базарының” басшысы Сергей Ким

Алматыда "Кенжехан" базарының басшысы Сергей Кимнің үйіне қарулы шабуыл жасаған үш адам 10-11 жылға сотталды. Қылмыскерлер кәсіпкердің коттеджіне түнде басып кіріп, оны ұрып-соғып, құны жарты миллиард теңгеден асатын сағаттар мен зергерлік бұйымдарды қолды еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында бірнеше қарақшылық шабуыл жасаған үш ер адамға қатысты үкім шықты. Тергеу мәліметінше, күдіктілер ауқатты үйлерде тұратын адамдарды алдын ала бақылап, түнгі уақытта үйлеріне заңсыз кіріп, оларды ұрып-соғып, ақша мен бағалы заттарын тартып отырған. Олардың нысанасына "Кенжехан" базарының басшысы Сергей Кимнің үйі де іліккен.

Айта кетейік, соңғы жылдары бұл базар айналасында дау-дамай жиі туындап, мәселе Парламент деңгейінде көтерілген. Бас прокуратураның тапсырмасымен тексерулер жүргізіліп, жер телімдеріне қатысты сот даулары мен жалға алушылар мен әкімшілік арасындағы келіспеушіліктер болған.

Күдіктілердің екеуі Сергей Кимді әлеуметтік желілерден байқап, кейін оны нысанаға алған. Олар үшінші сыбайласын тартып, қылмысты бірге жоспарлаған.

2025 жылғы 12 қыркүйекке қараған түні үшеуі кәсіпкердің коттеджіне кірген. Үй иесі қарсылық көрсетіп, пышақпен бір шабуылдаушыны жаралаған. Алайда күдіктілер оның жұбайы мен баласын өлтіреміз деп қорқытқан соң, ол берілген.

Қылмыскерлер үйден 11 дана қымбат сағатты, оның ішінде Ulysse Nardin (45 млн теңге), Vacheron Constantin (28 млн теңге), Rolex (26 млн теңге), сондай-ақ Van Cleef зергерлік бұйымдарын алып кеткен. Келтірілген жалпы шығын 530 миллион теңгеден асқан.
Алайда күдіктілер ізін жасыра алмаған. Жарақат алған олардың бірі дәрігерге жүгінген, ал оқиға орнынан таксимен кеткен кезде жүргізуші оларды танып қалған. Осылайша, бес күн ішінде барлығы ұсталды.

Павлодардағы банк тонау ісі бойынша ұсталған Ресей азаматы елге көлік алу үшін келгенін мәлімдеді

Павлодардағы банк тонау ісі бойынша ұсталған Ресей азаматы елге көлік алу үшін келгенін мәлімдеді

Оқыңыз

Тергеу барысында олардың бұған дейін тағы үш ұқсас қылмыс жасағаны анықталды. Сот үкімімен екі айыпталушы 11 жылға, ал үшіншісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кетейік, Сергей Кимнің өзі де қазір қамауда отыр. Ол "Арселор Миттал" кәсіпорнында 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жымқыру ісі бойынша күдікке ілінген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы "Алтын Орда" базары төңірегіндегі дау 2013 жылдан басталды. Сол кезде бұрынғы акционер Айдарбек Құсайынов өз үлесін қысыммен арзан бағаға сатуға мәжбүр болғанын айтып, бұл жағдайды рейдерлікпен байланыстырған. Кейін іске қатысы бар тұлғалардың бірі кінәсін мойындаған. Осыдан кейін Құсайынов бірнеше рет сотқа жүгініп, үлесін қайтаруды және өтемақы талап етті, бірақ талап қою мерзімі өтіп кеткен деген негізбен арыздары қанағаттандырылмады. Қазір ол талапты Нұрбол Назарбаев-қа бағыттап, өтемақы өндіруге қайта әрекет жасап отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 09:37