Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бас қосқан ел премьерлері электронды ақшаның болашағына қатысты келіспей қалды

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің Үкімет басшылары Алматыда бас қосты. Жан-жақтан жиналған премьер-министрлер түске дейін экономиканы цифрландыру мәселесін талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды КТК.

Форумға Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстанның Үкімет басшылары мен Тәжікстан премьер-министрінің орынбасары қатысты.

Сөз алған шетелдік қонақтар алдымен өз елдеріндегі заманауи технологияның дамуын жіпке тізді. Артынша, сандық жүйені дамыту жолындағы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ресейден келген Дмитрий Медведев цифрлық қызметті дамыту үшін жұмыла жұмыс істеу керек деп отыр. Соңғы кездері кибершабуылдарға тек біз емес, көрші елдердің де жиі тап болып жатқаны белгілі. Бұл мәселе Қырғызстан премьер-министрін қатты алаңдатады екен. Сондықтан, Сапар Исақов хакерлерден қорғанудың бірыңғай жүйесін құру туралы ұсыныс жасады. Айта кетсек, маңызды шара елбасының бастамасымен өтіп жатыр. Жиынға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатыспаса да, сөзін қонақтарға Үкімет басшысы оқып берді.

“Қазір әлемдік ұйымдар да, біздің Еуразиялық экономикалық одақ та цифрландыруға мән беріп отыр. Бұл форум – күн тәртібіндегі мәселені жүзеге асыруға жасалған маңызды қадам. Цифрландыруды жүзеге асыруда қандай қадам жасайтынымызды бірге талқылаймыз. Бұл шара қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді”, – дейді ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, Сағынтаев Қазақстанның сандық жүйеге көшу үрдісі бойынша көштен қалмай келе жатқанын атап өтті. Енді алдағы уақытта еліміздегі қызметтердің 80 пайызын электрондық форматқа ауыстыру көзделіп отыр екен. Ал, 2020 жылға қарай Үкімет еліміздің барлық өңірін интернетпен қамтамасыз етпек. Халықаралық форум әлі де жалғасуда. Мұнда шетелдің тіс қаққан сарапшылары баяндама жасап жатыр.

Ал, Премьер-министрлер дәл қазір өзге қонақүйге ат басын бұрды. Онда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтпек. Яғни, қонақтар бір оқпен екі қоян атқан. Жиынға Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев төрағалық етуде. Бүгін онда бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылуы тиіс. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қол қойылады деген де болжам бар.

Бұл құжат тауарлардың заңды айналымына жағдай жасайды. Әрі тұтынушылар құқығының қорғалуын қамтамасыз етпек. Енді бүгін нақты қандай құжаттарға қол қойылып, қандай мәселелердің талқыланғанын кешкі жаңалықтардан айтатын боламыз.

Тағы оқыңыз:

Путин Назарбаевтың көмекшісін орденмен марапаттады

Депутаттар Мәжіліс отырысында Денсаулық сақтау министрін “аспаннан жерге түсірді”

Мемлекеттік грантта оқыған дәрігерлер ауылда еңбек етуге міндеттелуі мүмкін

Талқылау