Алматыда әділдік іздеген әйелді өзін өртеп өлуге мәжбүрлеген судья кінәсін мойындамай отыр
Соттың өзі сотталуда! Алматыда әділ шешім шығармай, бір әйелді өз-өзін өртеуге итермеледі деген судьяға қатысты процес басталды. Өмірзақ Серімов бір іске екі түрлі шешім шығарып, оның кесірі таласқа түскен үйді сатып алған өзге отбасына тиіпті. Олар үйден қуылып, ақыры отанасы Светлана Тұрғанбаева сот орындаушыларының көзінше өртеніп өлген болатын. Әділетсіз шешім шығармағанда мұның бірі де болмас еді деп күйінген марқұмның ұл-қыздары енді сол судьяның сазайын беруді талап етіп отыр, деп хабарлады КТК арнасы.
Бұл – бір үй үшін әкеден де, шешеден де айырылған бес бауырдың үлкені. Етегі жасқа толған Айнұр ата-анасының өліміне бірінші кезекте
Алатау ауданының бұрынғы судьясын кінәләйді. Айтуынша, Өмірзақ Серімов кезінде әділ шешім шығарғанда, мұндай қайғы болмас еді.
«Сол заңсыз шешіммен біз үйді сатып алып отырмыз ғой. Менің әке-шешем өлді. Шешім болмағанда Мыңбаева ешқандай да мұрагерлік рәсімдей алмайтын еді. Және сата алмайтын еді», – дейді Светлана Тұрғанбаеваның қызы Айнұр Омарбаева.
Дауға себеп болған мына үй. Тұрғанбаевтар отбасы бұл баспананы 7 жыл бұрын тірнектеп жинаған ақшасына сатып алған. Ол кезде үйдің барлық құжаттары түгел болыпты. Алайда, 1 ай өтпей жатып, мұнда сот орындаушылары келіп, босатуды талап еткен.
Сөйтсе, бұл 2 мұрагер таласқан үй екен. Серімов алдымен солардың бірінің пайдасына шешім шығарып, ол әйел баспананы Тұрғанбаевтарға сатып жіберген. Іле-шала дәл сол судья өз шешіміне өзі қарсы шығып, үйдің басқа иесі пайда болады. Ал, екі ортада далада қалған Светлана Тұрғынбаева әділдік таба алмай ақыры өз-өзіне жанармай құйып, өртеніп өлген болатын.
Денесінің 85 пайызын күйік шалған әйелді құтқару мүмкін болмады. Қайғыдан қан жұтқан оның күйеуі де көп ұзамай көз жұмды. Ал марқұмның ұл-қыздары бұған тек судьяны емес, сот орындаушыларын да, үйді сатқан әйелді де кінәләйді. Тек жылдар өтсе де, ешкім жазаланбаған. Ал, қызметін асыра пайдаланып, әділетсіз шешім шығарды деп айыпталып жатқан Өмірзақ Серімов тағылған айыпты негізсіз деп отыр.
«Кінәмді мойындамаймын. Іс мүлдем қарауға жатпайды», – дейді айыпталушы Өмірзақ Серімов.
Тек жетім қалғандар бұл жолы соттан әділ шешім күтіп отыр. Олар айыпталушының тиісті жазаға тартылуын соңына дейін талап етпек. Ал, таласқа түскен үйдің қазір кімге тиесілі екені белгісіз. Баспананы босату туралы іс уақытша ғана тоқтатылған. Сондықтан, бұл отбасының кез-келген сәтте шаңырағынан айырылып, далада қалуы әбден мүмкін.
Жіберіп алмаңыз:
Шахтинскіде психикалық ауытқуы бар 7 жасар оқушы мектептен қашып кеткен
ОҚО-да балабақша қызметкерлері күн көрсетпейтін басшыларының қызметтен кетуін талап етті
Жаңаөзенде мектеп ұстаздары мен ата-аналар хиджаб үшін дауласып жатыр
8-қабаттан құлап мерт болған Тілеугүлдің жақындары тергеудің сылбыр жүріп жатқанына алаңдаулы