Алматыда қысқа роликтер көріп табыс табатын пирамида әшкереленді: Олардан 530 миллионға дейін ақша тәркіленді

Алматыда өзін табысты онлайн жоба ретінде таныстырған "NBC TV" қаржы пирамидасы әшкереленіп, 500 миллион теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды. Күдіктілер азаматтарды трейлер көру арқылы табыс табуға үгіттеп, шын мәнінде жаңа салымшылардың ақшасы есебінен жұмыс істеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласы бойынша қаржы мониторинг агенттігінің департаменті "NBC TV" атауымен белгілі қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылы күдікті "www.nbcms.com" интернет ресурсы мен WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тартып, инвестициялық онлайн жоба ретінде жасырылған қаржы пирамидасын ұйымдастырған. Арнайы чаттарда, оның ішінде "Дискуссионная группа NBC Charlotte" және "NBCUniversal Media LLC" топтарында 200-ден астам адам болған.
Жобаға қатысушыларға қысқа бейнероликтерді, яғни фильм трейлерлерін қарау арқылы табыс табу ұсынылған. Ол үшін құны 11 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттерді сатып алу талап етілген. Ұйымдастырушылар тәулігіне 5-10%-ға дейін, ал айына 150%-дан астам табыс уәде еткен. Алайда төлемдер жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып отырған. Сондай-ақ жүйеде рефералдық бағдарлама болған. Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін салымның 10%-ына дейін сыйақы төленген, ал төменгі деңгейдегі қатысушылар үшін қосымша бонустар қарастырылған.
Заңды қызметтің көрінісін жасау мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жарнама таратып, жалған құжаттар жариялаған, жасанды табыс көрсеткіштерін көрсетіп, блогерлерді тартқан. Қаражаттар жеке тұлғалардың шоттарына қабылданып, кейін P2P операциялары арқылы криптовалютаға айырбасталып, анонимді әмияндарға аударылған. Сот санкциясымен жалпы көлемі 1 057 599 (шамамен 528,5 миллион теңге) болатын криптовалютаға тыйым салынды. Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға инвестиция салмас бұрын компанияның ресми тіркелуін, құқықтық мәртебесін және рұқсат құжаттарын тексеріп, уәде етілген табыстың шынайылығын мұқият бағалауды ескертеді.
Астанада "Sirius Energy" қаржы пирамидасы әшкереленді: 380 адам зардап шеккен
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Ақтөбеде “Harmony Rider Technology” (HRT) қаржы пирамидасын ұйымдастыру ісі бойынша сот үкімі шыққан еді. Аталған схемаға 115 адам тартылып, олардан 197 миллион теңгеден астам қаражат жиналған. Салым көлемі 350-ден 20 мың долларға дейін жетіп, тәулігіне 12–690 доллар табыс уәде етілген. Күдіктілер ақшаны криптоәмияндар арқылы айналдырып, кейін банк шоттарына аударған. Түскен қаражатқа үш автокөлік сатып алынып, оның біреуі туысының атына рәсімделген.
"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған