Алматы облысында отбасы әскерге жіберген ұлдарын табытпен қарсы алды
Алматы облысында бір отбасы әскерге жіберген ұлдарын табытпен қарсы алды. Шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген 21 жастағы сарбаз өз-өзіне қол салған.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Ал оның жақындары үш айдан кейін үйіне оралуы тиіс жігіт бұл қадамға өздігінен барған жоқ деген сенімде. Шекара қызметінің басшылығы болса, істі мұқият тексереміз дейді. Қайтыс болған сарбазды бүгін жақындары жер қойнына тапсырды.
Көкірегі шерге толған әже кішкентайынан бауырына басқан немересін жоқтап тұр. Әскери борышын өтеуге аттанған Абылай Сыдықбектің қаза болғанына жақындары әлі де сенгісі келмейді. Ата-анасына телефон арқылы жиі хабарласатын сарбаз көктемде оралатынын айтқан. Ал қайтыс болардан бір сағат бұрын анасына қоңырау шалыпты.
“Төрт сағатта қайта хабарласамын, мама. Мен контрактіге қалсам қалай болады? Аз қалды, екі күннен кейін рапорт жазамын. Фельдшер боламын” деді. Өзінің мамандығы сондай еді. Сондай қуанышты хабарды айтып тұрған. Түнімен төрт сағатты күттім”, – дейді Абылай Сыдықбектің анасы Гүлзада Құдайбергенова.
Туыстарымен телефон арқылы тілдескенде сарбаз кезекшілікке жиі түсетінін айтыпты. Сондықтан оларда Абылайды біреулер өлімге итермеледі деген күдік бар. Күршім ауданындағы “Теректі” шекара заставасынан қайтыс болған сарбаздың денесін туған ауылына Шекара қызметінің бес бірдей қызметкері алып келіпті.
“Қызмет атқару барысында жолдастарының, командирлерінің алдында тек қана жақсы жағынан көрінген болатын. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру және құқық қорғау органдарының тексерістері жүріп жатыр”, – деді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің “Шығыс” өңірлік басқарма бастығының орынбасары Мұратбек Серікбаев.
Полковник Серікбаевтың айтуынша, соңғы жылдары мұндай жағдай Шекара заставасында мүлдем болмаған. Мән-жайдың анықталып, шынайы тексеріс жүргізілуіне біз де мүдделіміз дейді. Ал қайтыс болған сарбаздың әпкесі қаралы хабарды ести сала Күршімге барып, көп жайға қанық болғанын айтады.
“Бұл оның шыдамының шегі. Оны кезекшілікке кезектен тыс уақытта да түсіріп жұмсап отырған. Кінәлілер жазаланады деп сенеміз”, – дейді Абылай Сыдықбектің әпкесі Эльмира Тастанова.
Үш айдан кейін әскери қызметі аяқталатын Абылай Сыдықбек бұған дейін ата-анасына келісімшарт негізінде әскерде қалғысы келетінін айтыпты. Ал қайғылы оқиға болған Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында тергеу амалдары басталып кетті. Марқұмның туыстары “егер Абылайды өлімге итермелеген адамдар болса, жазаға тартылса екен” дейді.
Оқи отырыңыз:
Жалаңаштар бассейні: Алматыдағы “Арасан” моншасы мұсылмандарға арналмаған ба?