Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында интернат күтушісі мүгедек баланы мазасын алған соң тұншықтырып өлтіргенін мойындаған

8 жасар Мұхамеджанның азапты өліміне қатысты істі балалар омбудсмені әрі мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева да өз бақылауына алыпты, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Жар дегенде жалғыз баласының ажалы жайлы ащы шындықты білген ата-ана қайғыдан қан жұтып тұрса да амал жоқ тергеушілерге келген. Өйткені, бұған дейін іс материалдарында бала жүрек талмасынан өлді деп жалған мәліметтерге сүйеніп жазылған екен. Ал әлжуаз жеткіншекті азаптап өлтірді деп айыпталған күтуші Мейіргүл Жалымова да осы Ішкі істер бөлімінінің жертөлесінде уақытша ұстау абақтысында жатыр. Болған оқиғаны жасырғысы келді деп күдікке ілінген оның басшысы мен сол түні қасында болған әріптестері жаппай жұмыстан шеттетіліп жатыр.

“Бүгінгі таңда аталған орталықтың сол түні кезекшілікте болған қызметкерлерді және басшылықты уақытша жұмыстан аластату мәселесі қозғалуда.Талғар ауданындағы «Аяла» әлеуметтік  және арнайы қызмет көрсету орталығындағы орын алған оқиғаға байланысты Алматы облысы әкімдігі мәселені жіті назарына алды”, – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкенов.

Тоғыз күн өткенде ғана барып енді шара қолдана бастаған шенеуніктер осылай ақталды. Ал баласын жоқтап жылаған Зарина Құттықожаеваның кешегі зары Парламентке де жеткен екен. Кезекті бала өлімін естіп шошыған Зағипа Бәлиева кабинетінен тікелей Талғардағы полиция басшысына хабарласыпты.

“Бала өлімі туралы естіген бойда жергілікті Ішкі істер бөлімінің басшысының өзімен сөйлестім.Әкімдіктен де болған жайтты анықтап сұрадық. Отбасыны көмексіз қалдырмаймыз. Бірақ әрине баланың орнын ол толтыра алмайды”, – дейді Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева.

Ал қайғылы оқиға болған күні кезекшілікке үш бірдей күтуші қалыпты. Бірақ неге екені белгісіз сол түні балалардың жанында әлгі күдікті әйел ғана болған. Қалғандары балалар бөлмесіне болары болған соң бір-ақ жеткен. Яғни, түннің ортасында қалған тәрбиешілердің қайда жүргені беймәлім күйде қалып отыр. Ал баланы тұншықтырып өлтірді деп күдікке іліккен 30 жастағы келіншек Өзбекстан тумасы екен. 3 баласы бар әйел қылмысын мойындап, бала мазасын алып қоймаған соң оны осылайша тыныштандырмақ болғанын айтқан.

Тағы оқыңыз:

Тараздық келіншек шетінеп кеткен сәбиінің өліміне дәрігерлерді кіналап отыр

Жамбылдық ата-ана: Дәрігердің кесірінен ұлымның екі бүйрегі де істемей мүгедек болып қалды

Талқылау