Алматы облысында үш ұрпақ ауыстырған әулет әлі құжатсыз жүр
Алматы облысында санда да, санатта да жоқ бір үйдің 6 адамы құжатсыз жүр. Тіптен немерелерінің алды алтыға келсе де, ешқайсысына туу туралы куәлік берілмеген. Балалар тұрмақ анасы, апасының да жеке бастарын куәландыратын құжаттары жоқ.
«Қызымның метіркесі, мынау ұлымның метіркесі. Үшеуіміздің документіміз жоқ. Мынау ЗАГС-ім күйеуімнің. Көші-қонға бардық. Барған кезде Өзбекстаннан шығу туралы қағаз әкелесің, деді. Өзбекстанға баратын жағдайымыз, қаражатымыз да жоқ. Шекарадан да өткізбейді. Ешқайда бара алмаймыз. Жағдайымызда жоқ. Не істерімізді білмейміз», – деді Құрбангүл Әбсалиева.
Құрбангүл 43 жасқа келседе бүкіл жанұясымен құжатсыз жүруінің себебін тіршілік тауқыметінің құрбаны болуымен түсіндіреді. 27 жастағы ұлы Мейіржан мен 23 жастағы қызы Зулфия осыдан 14 жыл, ал өзі бес жыл бұрын қазақ шекарасын аттаған. Облыстық миграцияға бірнеше рет барып, тауы шағылған қолы қысқа әйел ақыры жұмысын бітіре алмапты. Өзбекстанның туу туралы жасыл құжатымен әлі күнге дейін жүрген Мейіржан жуырда үйленгенмен некеге тұра алмаған, деп хабарлайды Алматы арнасы.
«АІІБ-не алып кетеді. Бір күн, бір сағаттай ұстайды. Сол кезде бір-екі мың теңге беріп, шығып кетем. Кейде ағаларымды шақырамын. Көбінесе паспортқа келіп тіреліп тұр. Бір зат істейін десең, азаматтыққа келіп тіреледі», – деді Мейіржан Матмұратов.
Жетіген ауылында жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жандардың қатарына үш сәби қосылған. Іле ауданының перзентханасында дүниеге келген бүлдіршіндердің де туу құжаттары жоқ. Әкелері Қазақстан азаматы. Жөргекақы, жәрдемақыдан да қағылған отбасындағы балалар санда да, санатта жоқ қазір. Ал Жетігеннің жауаптылары ауылда жағдайсыз жайтта жүріп жатқан балақайлар туралы білмейтін болып шықты.
Қалдыкүлдің қызы Зулфия өткен аптада аудандық перезентхананың ақылы бөлімінде жатып, егіз ұл тапқан. Бірақ мезгілінде қаралуға мүмкіндігі болмағандықтан 7 айлығында дүниеге келген сәбидің екеуіде шетінеп кетіпті.
«Үлкен балам бесте. Мына қызым төртте. Мына қызым үште. Сол осыларға метірке керек. Өзім болса пәтерде жүрмін. Мына ата-енем бәрі қолымда. Мына үшеу, төртеу Қазақстан азаматтығында жоқ. Өзбекстан есебінде де жоқ. Иә анда жоқ, иә мында жоқ», – деді Әділхан Мінуәров.
Азаматтық алу мен немерелін адам санына қосуды армандаған отбасына аудандық көші-қон бөлімі де, ХҚКО өкілдері де жәрдемдесуден жандарын ала қашты. Ал Өзбекстанның Алматыдағы консулдығы қолдан келгенше көмектесіп, құзырына кіретін қажетті құжаттарды дайындап беруге уәде берді.
Тағы оқыңыз:
Алматыда мешітке келген орыс жігіті ислам дінін қабылдады (видео)