Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан «қысым көріп жатырмыз» деп араша сұрап келген оралмандарды Қытайға қуып жатыр

Қытайдағы қандастарымыз «қысым көріп жатырмыз» деп араша сұрап жатса, Қазақстан полициясы елге оралған азаматтарды қайтадан Қытайға жібермекші.

Тіпті, тіркеуінің уақытты өтті деп айыпталған Сабырғали Сұлтаншәріптің жарты жылдай төсек тартып жатқаны да еш кедергі емес сияқты, деп хабарлайды 31 арна.

2 жыл бұрын көшіп келген отбасының тіркелуіне тағы да сол «сотталмаған» деген анықтама бөгет болған. Жағдайды білу үшін әріптесім Бақытнұр Әлібай Астанадан 300 шақырым жердегі Күншалған ауылына арнайы барып келген еді.

Сабырғали ағаның дәл осылай төсек тартып сал адамдай күн кешіп жатқанына 7 айдан асқан. Бұл ауруды да тіркелемін деп жүріп тауыпты. Виза уақыты бітіп жатқан соң күннің борандығына қарамастан жолға шыққан. Көлігі бұзылған соң аудан орталығына жаяу жетіп алайын деп өлермендік танытып, осындай күйге түсіпті. 1 жарым жыл бойы дедектетіп жүгірткен құжат – «сотталмады» деген анықтама екен.

“Өзіміздің жергілікті ауылдық, аудан, аймақ – осы 3 жерден әкелдік. Бізде Қытайда 1 жапырақ қағазды барлық жерден іздемейді ғой. Қыстақтыкі болса да мойындайды. Заңның таңбалы қағазы болса – бітті. Ал мына жерде әкеп жатсаң керек қылмайды”, – оралман Сабырғали Сұлтаншәріп.

«Сотталмаған» деген анықтаманың жырымен Сабырғали аға тура 1 жыл бұрын біздің арнаға арызданған болатын. Сол кезде көші-қон комитетінің өзі «мейлі ауылдық болсын, кез келген анықтама жарамды» деп мәлімдеген еді.

Алайда, әр облыстың өз заңы бар сияқты.

“Маған облыстың берген нұсқауы сондай. Шыңжаң, Үрімші. Менде жазылған. Сол 3 жерден ғана қабылдау керек деген”, – дейді Ақмола облысы Ерейментау ауданы ІІБ көші-қон қызметінің аға инспекторы Зұлпықар Жұмаділов.

Сұлтаншәріптің отбасы әрең дегенде Үрімшіден де анықтама алдыртыпты. Алайда, онысы да жарамсыз болып қалған. Президенттің тапсырмасымен талап өзгеріп, енді «сотталмады» деген қағаз керек болмай шығыпты. Алайда, Сабырғали аға мен жұбайына бұл жеңілдік көмектеспейді. Өйткені, екеуіне тіркелу ережесін бұзғаны үшін соттың шешімімен Қытайға барып, 1 жылдан кейін қайта оралу міндеттелген.

Облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері де «олар – заңды бұзды, сот шешімін орындауы керек» деп отыр. Министрлік өкілдері «соттың шешімін аппеляция арқылы қайта қаратуға болады» дейді. Айыптарынан ақталса ғана басқа жолмен шешуге мүмкіндік тумақ.

Ал, сай-сүйегі сырқыраған күйеуін Қытайға қалай апаратынын ойлаған Тарахан апаның жылағаннан басқа амалы жоқ.

“Арманымыз сол – шал жазылса, содан кейін осының азаматтығына өтсек деп отырмыз ғой. Басқа не арман болады? Қолымызда құжат болмаған соң дұрыс доғдырға да көрсете алғамыз жоқ”, – дейді оралман Тарахан Сағатбекқызы.

Түйткілдің түйнегін шешу – ішкі істер министрлігінің өзіне тірелгендей. Көші-қон комитетінің өкілдері сауалымызға жауап дайындап жатырмыз деді. Заңгерлер, заңды басқа қырынан қараса оңтайлы шешімін табуға болады деп отыр.

Тағы оқыңыз:

Жанкүйеріне «өліп қал» деген Нұрлан Сабыровтың басы дауға қалды

Ғалымдар семіздікке бейім адамдар тобын анықтады

96 жастағы соғыс ардагері әуе көлігімен ұшып, рекортдтар кітабына енді (видео)

Талқылау