Алматы әкімінің сән-салтанатты кортежі қазақстандықтардың ашуын туғызды (видео)
Фото: видеодан кадр
Әлеуметтік желіде Алматы тауларында полицейлердің сүйемелдеуімен бірнеше көліктің жүріп өткені түсірілген видео жарияланды. Автордың сөзінше, жаңа әкім Дархан Сатыбалды Алматыға осылай келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылықтар мұндай үлкен делегацияға желіде наразылығын білдірді. Айтуларынша, әкім кетіп бара жатқан жол тауда орналасқан, ол жолда іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің жүруіне рұқсат берілмейді. Сондықтан бұл жолмен жаяу жүруге тура келеді, ал жаңа тағайындалған әкім ол талапты сақтамаған.
"Президент келген болса, бізді мұнда өткізбейтін еді", "Біз, халық, әкімдерді қарапайым халық секілді автобуспен жүруді міндеттеуді талап етеміз, бұл олардың жұмысына пайдалы болады, сонда қаланың мәселесін көреді", "Неге барлығына бір автобус бөлмеске, мұнша көліктің қажеті қанша?", "Кешіріңіздер, бірақ мен бір де бір электр көлігін байқаған жоқпын. Шенеуніктерге заң жүрмей ме? Норма енгізді екен, бәрі бірдей сақтасын. Оны шенеуніктердің бәрі барлық жерде бұзатын болса, қарапайым халықтан не сұрайсың?", "Мыналар заңның барлық нормасын бұзып отыр ғой", "Әкімдердің мұндай делегациясы ашуға тиеді. Мемлекеттік қызметшілерді, әсіресе әкімдерді арнайы көліктен қағуды қолдаймын", – деп пікір білдіріпті желі қолданушылары.
Әкімдік өкілдері Алматы қаласы әкімінің жұмыс сапары кезінде көлік қозғалысы шектелмейтінін және патрульдік көліктер пайдаланылмайтынын хабарлады.
"29-31 мамыр аралығында Алматы қаласында жол қозғалысына халықаралық іс-шараларға байланысты ішінара шектеу қойылды және оның жергілікті атқарушы органдардың қызметіне еш қатысы жоқ", – деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алайда олар бұл кортежде әкім болған-болмағаны туралы сұраққа жауап бермеді.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
