Алматыда мұз көшкіні болуы мүмкін: Тұрғындарға ескерту жасалды
Алматылықтарға мұз көшкіні туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдағы тәуліктерде Алматы өзендерінің арналарына жақын жерде мұзды су тасқыны, мұз көшу қаупі сақталады.
"Сағат 16:30-дар шамасында Есентай өзенінде мұз көшкіні жүріп өтті. Мұз көшкіні табиғи құбылыс, температураның ауытқуынан туындайды. Орынға Төтенше жағдайлар департаменті, "Қазселденқорғау" ММ және басқа да қызметтердің мамандарынан құралған барлау топтары аттанды. Барлау тобы өзен арнасы мен жаяу жүргіншілер жолын мұздан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінде жылжымалы мобильді посттар орнатылды", - деп хабарлады ТЖД.
Сараптама қорытындысы бойынша мамандар мұз Есентай су қабылдағышың үстінде пайда болғанын анықтады. Кей жерлерде Есентай өзенінің арнасының қоршауы зақымданған. Сондай-ақ, кейбір аудандарда мұз сынықтары өзен арнасының бойындағы жаяу жүргіншілер жолына да жайылған.
Алматыда "мұз көшкінінің" салдарын жою мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр.
Қазіргі уақытта мұз көшкіні Есентай су қабылдағышының үстіндегі өзен арнасында тоқтады. Көшкен мұздың көлемі 6500-6700 шаршы метрді құрады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
"Айта кететін жайт, температураның төмендеуіне байланысты өзендерде мұз қабаттары пайда бола бастайды. Ұзақ уақытқа созылған аяз немесе кенеттен жылыну салдары мұз көшкініне (мұзды су тасқыны) әкелуі мүмкін. "Қазселденқорғау" және Төтенше жағдайлар департаменті мамандары дабыл қағуда. Жақын күндері мұз көшкінінің жүру қаупі сақталады. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына Қарғалы, Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы және т.б өзен арналарынан алыс болуға шақырамыз", - деді Алматы қалалық ТЖД.