Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтардың шағымынан кейін қала орталығындағы 40 қабатты ғимараттың құрылысы тоқтатылды

Фото: rams-global.com

Алматыда тұрғындардың наразылығынан кейін қала орталығындағы 40 қабатты RAMS Beyond Almaty ғимаратының құрылысы тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін алматылықтар Сейфуллин даңғылы мен Тимирязев көшесінің қиылысындағы 40 қабатты ғимарат салынуына наразылық білдірген еді. Тұрғындар жоспарланған кешеннің орнына саябақ салуға шақырған.

Сондай-ақ желіде қала тұрғындары RAMS Beyond Almaty құрылыс алаңында қазылған шұңқырдан жер асты сулары көтеріле бастағанын айтып шағымданды. Ал құрылыс компаниясы бұл ақпаратты жоққа шығарды.


Алматының жоғары жағында тұрғын үй кешендерін салуға мораторий енгізіледі


28 тамыз күні мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында құрылыс жұмыстарының тоқтатылғанын хабарлады.

"Бүгін біз Алматыдағы 40 қабатты RAMS ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтаттық. Менің рейдтік тексеруім барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы нұсқама табыстады" – делінген депутат жазбасында. 

Алматы әкімдігі қала құрылысын бақылау басқармасы құрылыс жұмыстары заңсыз басталғанын атап өтті.

"Жоспардан тыс тексеріс жүргізілді, нәтижесі тапсырыс беруші құрылыс-монтаж жұмыстарын авторлық және техникалық қадағалаусыз, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарлама бермей бастағаны анықталды. Бұл "сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заң талаптарын бұзу болып саналады", – делінген басқарма хабарламасында.

Құрылыс компаниясына 120-дан 580 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Құжатта құрылыс компаниясының BR Construction Qazaqstan ЖШС екені көрсетілген.

Еске салсақ, бұған дейін алматылықтар қала орталығында 40 қабатты ғимарат салуға қарсы петиция жариялағаны туралы жазған едік. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі тоғыз қабаттан аспайтын ғимараттар салуға тыйым салынған жер теліміне 40 қабатты биік ғимарат салуға рұқсат берген еді.

Мамыр айының басында Алматыға түрік актері Бурак Өзчивит келіп, "RAMS Beyond Алматы" құрылысының басталуына арналған баспасөз конференциясына қатысты. Актер жобаның бренд-амбассадоры атанды.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 18:34
Талқылау