Алматыны түтін мен күйік иісі басып қалды: Оған қоқыс полигонындағы алып өрт себеп болған
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Алматы тұрғындары қаланы түтін басып, иісі шығып жатқанын мәлімдеді. Аталған жағдайда облыстағы қоқыс полигонындағы өрт себеп. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
14 қыркүйекте Алматы облысында қоқыс полигонында өрт шыққан еді. Облыс әкімдігінің "елді мекендерге қауіп жоқ" деген мәлімдемесіне қарамастан, 16 қыркүйекте қалаға өрт иісі жетіп, тұрғындардың наразылығын тудырды.
Фото: Скрин airkaz.org
"Түнгі сағат екілер шамасында ауада күйік иісі пайда болды, ол сағат 15:00-де күшейді. Облыс әкімдігінің жауапсыздығының кесірінен алматылықтар зардап шегуі керек пе? Балаларымызбен далада жүре алмаймыз, иісі қатты шығып жатыр. Алматының ауасы онсыз да нашар ғой", – дейді қала тұрғыны.
Тағы бір тұрғын Threads парақшасында, Алматының ауасына шағымын білдірді.
"Неге бәрі үнсіз? Бүгін Алматыда күйік иісі өте қатты шығып жатыр. Тіпті мұрын мен өкпені қарып жібереді. Балалармен серуендей алмадым. Қала тұман басқандай күңгірт тартып тұр. Айтпақшы, Алматы облысында қоқыс полигоны жанып жатыр екен. Оны сөндіре алмай жатқан көрінеді! Бұл қала тұрғындарының денсаулығына қауіпті", – деп жазды ол.
Ал тағы бірі түтіннің жаппай таралуын шағын экологиялық апатқа балады.
"Алматыға жақын жерде, Алатау маңында қоқыс полигоны 15 қыркүйек күні таңертең өртенді. Жалын 10 метрден астам тереңдікте жүріп жатыр. Қалдықтар арасындағы лак-бояу заттарының болуы және жел тұруы өртті сөндіруді қиындатып жатыр. Полигонға иелік ететін кәсіпорын экология саласындағы заңбұзушылықтар үшін бұған дейін екі рет айыппұл төлеген. Бірақ неге полигон мұндай жалынның алдын алатындай жабдықталмаған? Неге айыппұлдар заңбұзушылықтарды алдын ала жоюға ықпал етпеген? Айтпақшы, түтін Алматыға қарай тарап жатыр. Мұны шағын экологиялық апат деуге болады", – деп жазды енді бірі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өрт ошақтары 10 метр тереңдікте орналасқан. Сондықтан жану тек беткі қабатта емес, полигонның ішінде де жалғасып жатыр.
"Полигонның беткі қабаты тұрақсыз, опырылып кету қаупі бар. Ауыр техниканың маневр жасау мүмкіндігі шектеулі", – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түтінге қоқыс полигонындағы өрт себеп болған. Одан шыққан түтін қалаға тарап жатыр.
“Өртті сөндіруге 150-ге жуық адам мен 70 бірлік техника жұмылдырылған. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, әскерилер, полиция, коммуналдық қызмет, Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы техникасы жүр. Өрт аймағында өрт сорғы станциялары, бульдозерлер, авариялық-құтқару машиналары жұмыс істеп жатыр. Тереңқара өзенінен су беру үшін 70 өрт сөндіру шлангілерінің магистральдық желісі тартылды”, – делінген хабарламада.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
