Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар мысығын серуенге қарғыбаумен алып шығуға міндеттелді

Алматыда серуендеу және үй жануарларын ұстау ережелері бекітілді. Енді мысық иелері қарғыбау қолдануға міндеттеледі. Ал иттердің елді мекендерде жалғыз жүруіне тыйым салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

Алматы қалалық мәслихаты үй жануарларын ұстау және серуендету тәртібін бекітті. Құжат Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды.

Енді мысық пен итті баспалдақта, жертөлелерде, шатырларда, асүйлерде және жатақхана дәліздерінде ұстауға тыйым салынады. Иелері жануарлардың тұрғын үйлерді немесе қоғамдық аумақтарды ластамауын қамтамасыз етуі керек.

Сонымен қатар үй жануарларын қараусыз қалдыруға болмайды. Егер иелері қарайтын адам таппаса:

  • Ит немесе мысықты уақытша жануарларға арналған баспанаға орналастыруы;
  • Үшінші тұлғаларға уақытша қарауға беруі;
  • Зоологиялық қонақүйге орналастыруы керек.

"Егер үй жануарына қарау мүмкіндігі болмаса, иесі мен жауапты адам оны одан әрі орналастыру шараларын қабылдауы қажет", – делінген ережеде.

Үй жануарларын серуендету кезінде қандай талаптарды сақтау керек:

  • Итті қоғамдық орындарда қарғыбаумен (екі метрден аспайтын) ұстауы керек;
  • Итті тасымалдау кезінде тұмсығына қап кигізуі қажет;
  • Кез келген мысықты және олардың будандарын жіппен және қарғыбаумен серуендеткені жөн;
  • Көшеден және тас жолдардан өтіп бара жатқанда үй жануарлары жазатайым оқиғаға тап болмауы үшін ұзындығы 1,5 метрден аспайтын қысқа баумен ұстаған жөн;
  • Иесі ғимарат ішінде болған уақытта ит босатылып кетпес үшін ұзындығы 1,5 метрден аспайтын қысқа баумен, тұмсық қабын кигізіп қалдыруы қажет;  
  • Итті серуендетуге тыйым салынған жерлерде ит иесі немесе жауапты адам басқаларға қауіп төндірмес үшін оған қысқа қарғыбау байлап, тұмсық қабын кигізуі керек;
  • Арнайы бөлінген жерлерде және иттерді серуендетуге арналған алаңдарда жүруге рұқсат етіледі;
  • Иттерді серуендетуге тыйым салынған орындар тиісті таңбамен белгіленуі керек.

Алматыда жануарлармен қайда серуендеуге тыйым салынады:

  • Мектепке дейінгі білім беру, дене шынықтыру және спорт, емдеу, денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет ұйымдары, балалар және спорт алаңдары аумақтарында және үй жануарларын серуендетуге тыйым салатын белгілер орнатылған аумақтарда. 

Елді мекенде иттерге өз бетімен жүруге тыйым салынған. Сонымен қатар адамдар шомылуға рұқсат етілген жерлерде, тоғандарда, субұрқақтар мен су алатын орындарда үй жануарларын шомылдыруға немесе жуындыруға тыйым салынады.

Талқылау