Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шатырды полиэтилен пакетпен жаптық": Алматылықтар дауылды ауа райының салдарына шағымданды

Алматының Таугүл шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары қатты жауын-шашын салдарынан шатырдан су өтіп кеткенін айтып шағымданды. Ал ғимараттың шатырын қатты соққан жер ұшырып әкеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Тұрғындар қаланың астан-кестен еткен дауылдан кейін он күн өтсе де, қалпына келтіру жұмыстары әлі бітпей жатыр дейді. Таугүл шағын ауданындағы 53 үйдің металл жабындысы жел көтеріп кеткен. Тұрғындар орнына полиэтилен жауып қойған. Алайда одан еш пайда болмады деп отыр. 

Әсіресе, жоғарғы қабатта тұратындар қиын болды. Жоғарыдан аққан су қабырға мен төбеде дақ болып қалып жатыр. Ал кей жерлерде ішкі әрлеу жұмыстары бұзыла бастаған. Осылайша қатты дауыл тұрғындарды қорғансыз қалдырды. 

“Жаңбырлы күн біз үшін табиғи апат секілді. Бәрі қирап қала ма деп қорқып өмір сүріп жатырмыз. Шатырды жөндеп береміз деп уәде берген, бірақ ештеңе жасалған жоқ. Әкімдікке де, пәтер иелерінің кооперативіне де жүгіндік. Еш нәтиже жоқ. Олардан үш орама полиэтилен пакетін зорға алдық, шатырды өзіміз жауып шықтық”, – дейді тұрғындардың бірі Ләззат Сатылханова.



Әкімдіктегілер мердігер компаниямен бірлесіп Таугүл ықшамауданындағы зақымданған үйлердің шатырын ауыстыру және қалпына келтіру бойынша міндеттемелер алғанын хабарлады. Алайда жөндеу жұмыстарының басталуына ауа райы кедергі келтіріп отыр дейді. Айтуыларынша, ұзаққа созылған жаңбырлы ауа райы салдарынан мамандар ескі құрылымдарды бөлшектеп, жаңа шатыр орнатуға кірісе алмай жатыр екен.

“Қазір мердігер ұйым әлеуметтік жауапкершілік аясында жұмыс істеп жатыр. Барлық ақауларды, құрылғыларды, жабындарды жою үшін мердігер ұйым тартылды. Дегенмен бұл мәселе толық бақылауда. Біз шатырдың торламасын нығайтамыз, сондай-ақ шатыр жабындысы жабылып, мырышталады”, – деп сендірді “Алматы тұрғын үй" ЖШС директоры Айдын Қалабаев.

Тұрғындарға тек күтуден басқа амал жоқ. Олар жөндеу жұмыстарының кешігуі одан да ауыр зардаптарға әкелмейді деп үміттеніп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қатты жаңбыр жауып, дауыл болғанын жазған едік. Желі қолданушылары күн райының күрт өзгерген сәтін фото, видеоға түсіріп, бөлісіп жатыр. Қатты найзағай ойнап, нөсер, бұршақ жауған. Тұрғындардың айтуынша, салдарынан үйлердің шатыры зақымданып, ағаштар құлап, кейбір аудандарда электр қуаты өшіп қалған.

Талқылау