"Германияда 30 миллион теңге айыппұл салады": Алматылық қызды 9-қабат терезесінен түн ішінде дрон аңдыған (видео)

Алматылық қыз түнгі уақытта терезесін дрон торуылдағанын айтты. Ал полиция ұшатын аппараттың кімге тиесілі екенін анықтауға уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыз жағдайды Threads әлеуметтік желісінде мәлімдеді. Ол түн ішінде терезесінің маңынан аңдып тұрған дронды байқапты.
“Үйге енді ғана келіп, жуынып шықтым да, бір іш киіммен диванға барып отырдым. Сол сәтте тереземнің жанында дрон тұрғанын байқадым. Уақыт түнгі сағат 03:13. Пәтерім 9-қабатта орналасқан. Мені аңдыған кім екені белгісіз. Шамамен 5 метр қашықтықта дрон 10–15 минуттай қалықтап тұрды. Қорыққанымнан қалшылдап отыра бердім. Дронды бүгін ғана байқадым. Бұған дейін немесе басқа күндері де түнімен осылай тұрған болуы мүмкін. Полицияға хабарласқан сәтте ұшқышсыз ұшу аппараты бірден ұшып кетті”, – деп жазды ол.
Қыз жазбасына терезесінің қарсы алдында қалықтап тұрған дронның фото-видеосын жүктеген. Кадрдан тура терезеге қарай бағытталған ұшқышсыз ұшақты байқауға болады. Пікірлерде көпшілік терезеде неге перде жоқ екенін сұраған. Автордың айтуынша, ол жақында ғана көшіп келгендіктен, әзірге перде іліп үлгермегенін айтты.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді.
“Аталған факт Алматы қаласының Әуезов аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппаратының кімге тиесілі екенін анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Тергеуден кейін Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.
“Германияда мұндай әрекет үшін 30 миллион теңгедей айыппұл салады”
Бұл жағдай желі қолданушылары арасында да қызу талқыға түсті.
“Қуаты мықты лазер сатып алып, дронның камерасына бағыттап көріңіз. Лазерді бір рет дәл түсірсеңіз, ол камера сенсорын зақымдап, оны одан әрі пайдалануға жарамсыз етеді. Әр үйдің терезесін аңдып, қызық көріп отырған оператордың қай жерде отырғанын да осы арқылы білуге болады”.
“Автордың перде ілмеуге толық құқығы бар. Ал дрон иесінің бөтеннің терезесінен сығалауға ешқандай құқығы жоқ. Бұл қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс әрекет”.
“Полицияға шағым түсріңіз. Қазір Қазақстанда салмағы 250 граммнан асатын кез келген дрон міндетті түрде есепке қойылуы тиіс. Астана мен Алматы қалаларында дрон ұшыру "Арнайы" санаттағы ұшқышсыз авиациялық жүйелер операцияларына жатады. Мұндай ұшуларды жүзеге асыру үшін ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторының есепке қойылған дроны болуы керек. Оның үстін аппараттың салмағына қарай тиісті сертификат немесе рұқсаты болуы қажет”.
“Біздің тұрғын үй кешенінде де осындай жағдай болды. Бір жігіттің дронмен түсіріп жатқанын көрдік. Оның түсірген нәрсесіне қарасақ онда бір топ жалаңаш қыздар/әйелдер бар болып шықты. Кейін полиция оны тұтқындады”.
“Мысалы, Германияда мұндай әрекет үшін 50 мың еуроға (30 миллион 521 мың 500 теңге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Жалпы, адамдардың немесе жеке меншік нысандарының үстінде рұқсатсыз ұшу заңсыз саналады”..
Қазақстанда 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қалай өзгереді?