Алматылық ғалымдар аты аңызға айналған нысанды бөлшектеген билікке шағым білдірді
Фото: Видеодан скрин
Алматылық ғалымдар аты аңызға айналған стелланы бөлшектеген жергілікті билікке наразылығын білдірді. Олар тұтас тарихымыздан айырылдық дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғалымдар елдегі жалғыз Ядролық физика институтының жанындағы Алатау ауылында тұрады. Ал елдімекеннің аты жазылған стелла жергілікті тұрғындардың ғылыммен айналысатынын көрсетеді екен. Дегенмен бұл нысан жақында алып тасталған. Тұрғындар 1970 жылдары пайда болған стелланың бөлшектелгеніне наразы.
Ауыл тұрғыны Сергей Петровтың атасы мен әжесі ауыл іргесін қаланған кезде көшіп келген екен. Ол да үлкен буын көзі көрген нысанды алып тастағандарға наразы.
"Бұл стелла 14 шілде күні түскі уақытта бөлшектелді. Ал одан жергілікті тұрғындар хабарсыз болды. Біз жергілікті билікке жүгіндік. Олар нысанды тот басқандықтан құлап, тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты", – дейді тұрғын Петров.
Фото: Видеодан скрин
Институтта жұмыс істейтін ғалымдар өз бетінше зерттеу жүргізіп, нысанның жеке меншікке алынғанын анықтаған. Тұрғындардың бірі оны видеоға түсіріп те үлгерген.
Жергілікті тұрғындар шу көтерген соң, жергілікті билік өкілдері келіп түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Бірақ халық оларды тыңдағысы келмейді.
Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаевтың айтуынша, стелланы бұзу мәселесін тұрғындардың өздері көтерген. Олармен кездесулер өткізіліп, одан кейін дауыс беру басталған.
"Бізге заманауи форматтағы жаңа стелла орнату туралы ұсыныс келіп түсті. 2024 жылдың соңында тұрғындардың қатысуымен өткен талқылау аясында жоба таңдалды. Сондай-ақ стелланың құрылысына қатысты арнайы жиын өтіп, онда 2 мыңнан астам адам дауыс берді. Мұның барлығы "Халықтың қатысуы бюджеті" бағдарламасы арқылы жүзеге асты", – дейді Нұрлыбаев.
Фото: Видеодан скрин
Халыққа жаңа жоба көрсетілді. Алайда дизайн көпшілікке ұнамады. Сондықтан тұрғындар қайта дауыс беруді талап етті. Ауылда жаңа стелла пайда бола ма, әлде ескі орнына қайта орала ма, әзірге белгісіз. Дегенмен жергілікті әкімдік жаңасын орнатуға уәде берді. Бірақ халық бұған риза емес.
Айта кетейік, бұған дейін Шардара су қоймасында демалушы тазалық мәселесін көтеріп, шағым білдіргені туралы жазған едік.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
