Алматыдағы жанжал тудырған кісі өлімі: әкім тергеуді өз бақылауына алды
Алматылық ер адамның өліміне күдікті "Алматы қаласының шаруашылық басқармасы" ЖШС-да көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бұл істі қала әкімі өз бақылауына алған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жесір қалған алматылық әйелдің үндеуіне жауап берген. Әйел күйеуі Кенже Байниязовты өлтіргені жайлы видео түсірген.
Ер адам өз үйінің алаңқайында 22 ақпанда өлтірілген. Әйелінің айтуынша, Алматы әкімдігінің бас бухгалтерінің жүргізушісі Байниязовты өлтірген.
"А.Әбдірешеваның жұбайын өлтіргені туралы шағымы бойынша У. есімді күдікті Алматы қаласының шаруашылық басқармасы " ЖШС жүргізушісі болып жұмыс істейді және қазіргі уақытта штатта қызметте. Жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттеріне байланысты жұмыс орнында емес", - деп түсіндірді "Алматы қаласы Шаруашылық басқармасы" ЖШС директоры Қ.Баяманов.
Қала әкімдігінде күдікті олардың қызметкері де, мемлекеттік қызметкер де емес екенін айтады. Ол әкімдікке қызмет көрсететін серіктестікте жұмыс істейді.