Алматыдағы жол апатына жоғары лауазымды полицейдің қатысы болуы мүмкін – Депутат

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
“Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің көлік жарысына қатысы бар ма? Әл-Фараби даңғылындағы жарысқа қатысқан қатысушылардың бірі полицей болуы мүмкін деген күдік бар. Бұл жарыс үш адамның өмірін қиды. Сондықтан бәрін жасырып отыр. Ішкі істер министрлігін түсініктеме беруін сұраймын”, – деп жазды Мұрат Әбенов.
Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
“21-і күні көлік негізінде автотұрақта болуы тиіс. Қандай рапорт жазсаң да, оны жеке мақсатта, әсіресе түнде ішімдік ішу үшін пайдалануға құқығың жоқ. Оны инспекторлар немесе басқа біреу тоқтата алады деп ойлайсыз ба? Жоқ, тоқтата алмайды. Алматыда мұндай полицейлерді тоқтату мүмкін емес. Бұған Президент әкімшілігінің немесе Ішкі істер министрінің тікелей назар аударуы қажет”, – дейді видеодағы ер адам.
Қазір Zeekr автокөлігінің жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр.
“Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция департаменті қылмыстық іс қозғады, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қазір ауруханада, ем қабылдап жатыр. Ол жансақтау бөлімінде жатқандықтан оған қатысты тергеу әрекеттері әзірге жүргізілген жоқ. Палатаға ауыстырылғаннан кейін оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалады. Ауруханаға түскен кезде автокөлік жүргізушісінен қан сынамалары алынған, алайда нәтижелері әзірге дайын емес. Нәтижелері шыққан соң, сіздерге қосымша хабарлаймыз”, – деді Алматы полиция департаментінің басшысы Айдын Кабдулинов.
Сондай-ақ ол бұл іске полиция қызметкерлерінің қатысы бар екені анықталып, кінәсі дәлелденсе қызметкерлердің әрекеттеріне нақты құқықтық баға беріліп, оларға ең қатаң шаралар қабылданатынын айтты.
Еске салайық, Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?