Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүргізуші мас күйде болған": Алматыдағы жол апатына байланысты екі полиция басшысы қызметінен босатылды

Видеодан скрин

Алматыдағы жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Аталмыш дерек қылмыстық іс қозғалған. Күдікті жүргізуші сот санкциясымен қамауға алынған. Ішкі істер министрлігі жүргізуші апат кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын растады. 

“Менің тапсырмам бойынша Алматыға ішкі қауіпсіздік департаментінің, әкімшілік полиция комитетінің және қызметтік құраммен жұмыс департаментінің қызметкерлері жіберілді. Жан-жақты тексеру жүргізілуде”, – деді министр.

Алматыдағы жол апатына жоғары лауазымды полицейдің қатысы болуы мүмкін – Депутат


Сонымен қатар басқа да заң бұзушылықтардың болуы туралы уәждер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бірқатар басшы атқарып отырған қызметтерінен босатылған.

“Барлығына құқықтық баға берілетінін ерекше атап өтемін. Ешкім жауапкершіліктен жалтара алмайды. Заң бәріне ортақ”, – деп жазды Ержан Саденов. 

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев нақты қандай басшылардың қызметінен босытылғанын нақтылады.

“Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды. Заң бұзушылықтар расталған жағдайда апат қатысушылары да, лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады”, – деді Шыңғыс Алекешев. 

Kozachkov offside Telegram арнасында аталмыш іс бойынша уақытша ұстау изоляторына жүргізушімен қатар тағы бір адам, полиция департаменті бастығының орынбасарларының бірінің жүргізушісі, Әсет есімді ер адам да қамалғаны туралы ақпарат жарияланды. Оған “әрекетсіздік” бабы бойынша күдікке ілінген.

"Менің мәліметім бойынша, ол жігіт Пакпен дос болған. Қазір жол апатының алдында олардың бірге ішімдік ішіп, кейін жолда жарысқаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз беру фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Пактың басқа "Zeekr" көлігінде 100QR02 нөмірі болған, ал мұндай әріптік тіркес мемлекеттік көліктерге беріледі. Ол бұл нөмірді қайдан алғаны тексерілуде", - делінген жазбада. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан еді. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 20:24