Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы жылу электр орталықтарының қашан газға көшетіні белгілі болды

тэц жэоФото: pixabay.com

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы 15 желтоқсанда өткен брифингте Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жобалары жүзеге асырылып жатқанын және оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Бұл қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер ауаның сапасын жақсарту аясында ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасының жүзеге асу барысына қызығушылық танытып, қандай өзгерістер жоспарланғанын және олардың қай мерзімде іске асатынын нақтылады.

"Бұл ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жобасы. Сіздер тек бір станцияны атап өттіңіздер, алайда үшінші станция да бар. ЖЭО-2 бойынша айтар болсам, Siemens турбинасы Қазақстанға жеткізіліп, орнатылды. Ал ЖЭО-3-те Ansaldo компаниясының бір турбинасы елге келіп, монтаждан өтті. Қазір екінші Ansaldo турбинасын күтіп отырмыз. Қателеспесем, ол қазір Қытайда және жақын арада Қазақстанға жеткізіледі. Бұдан кейін монтаж жұмыстары жалғасады", – деді Ерлан Ақкенженов.

Министрдің айтуынша, станцияларды газға көшіру қаладағы экологиялық ахуалға айтарлықтай оң әсер етеді.

"Алматы осы екі ЖЭО-ның жұмысынан тұншығып отырғанын білеміз, алайда автокөліктер санының артуы да экологияға кері әсер етіп жатқанын ұмытпауымыз керек. Энергетика нысандары бойынша Энергетика министрлігі мен “Самұрық-Энерго” оларды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріп, газға көшіруді жоспарлап отыр", – деді ол.

Айта кетейік, алматылық ЖЭО-ларды газға көшіру туралы алғаш рет 2020 жылы хабарланған болатын. Ал 2023 жылдың сәуірінде ЖЭО-2-ні жаңғырту жұмыстары Ресей мен Украинадан жабдық жеткізуге байланысты мәселелерге байланысты созылып кеткені белгілі болды.


Алматыда қатты жарылыс болып, қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды (видео)


Өскеменде зауыттар қаланы тұмша басуына байланысты жұмысын бәсеңдетті


Еске салайық, бұған дейін Алматының қыста тұмшаланып кетуінің басты себептерінің бірі көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 туралы жазған едік. Сарапшылардың айтуынша, қала ойпатта орналасқандықтан, ауа дұрыс айналмайды да, барлық түтін төменде жиналып қалады. Қыста оған көліктердің түтіні, жеке секторда жағылатын көмір мен қоқыс қосылып, жағдай одан сайын ушығады.
ЖЭО-ларды газға көшіру экологияны едәуір жақсартуы мүмкін, бірақ бұл мәселені толық шешпейді. Мамандардың пікірінше, лас ауамен күресу үшін тек ТЭЦ-терді газдандыру аздық етеді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 15 Желтоқсан, 2025 15:13