Алматыдағы жерді жалға алғаны үшін АҚШ Қазақстанға қанша ақы төлейді – СІМ жауап берді
Сыртқы істер министрлігі Алматыдан жалға берілген жерге АҚШ-тың қанша төлейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, АҚШ жерді жалға алғаны үшін Қазақстан тарапына 25 301 016 доллар (12 миллиард 757 миллион 025 277 мың теңге) төлейді. Жалдау мерзімі 49 жыл.
“Қосымша шешім қабылданбаса, бұл әр 49 жыл сайын ұзартылады. Төлем бір уақытта төленеді", – деді Ақан Рахметуллин.
Оның айтуынша, сома заңнамалық түзетулер күшіне енгеннен кейін 30 күн ішінде бірден алынады.
Мәжіліс депутаттары Алматыда консулдық салу үшін жер телімін беру туралы келісімді АҚШ-пен ратификациялады. Құрылыс үшін АҚШ 70 593 шаршы метр жер учаскесін 49 жыл мерзімге жалға алады.
Заң жобасын талқылау барысында болашақ елшіліктің орналасқан жері мен қала құрылысы саласындағы кейбір шектеулерге қатысты пікірталас туды.
"Салынып жатқан ғимараттың бір бөлігі 22 метр биіктікке жетуі мүмкін. Дегенмен бұл 22 метр дау тудырып отыр. Себебі Әл-Фараби даңғылының бойында құрылыс салуға болмайтын учаске бар. Бұл біздің елдегі ең қымбат жер және беделді аймақ. Шектеулер нормадан аспауы үшін арнайы енгізілді. Белгіленген қала құрылысы тәртібі сақтала ма?" – деп сұрады депутат Сергей Пономарев.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин консулдық ғимаратын салуға рұқсат етілген 22 метр биіктік белгіленген шектен сәл асып кеткенін растады.
"Бұл америкалықтармен жүргізілген мәміленің басты тақырыбына айналды. 9-бапқа сәйкес, оларға жер учаскесiнiң жалпы алаңының 1,5 пайызы ретiнде желдету шахталары мен байланыс антенналарын орналастыру үшiн осы нормадан асыруға рұқсат берiлді", – деді Рахметуллин.
Мәжіліс депутаттары АҚШ-пен келісімді ратификациялау туралы заң жобасын әзірлеуге 2025 жылдың қаңтарында кірісті. Екі ел арасындағы келісімге 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йоркте қол қойылды.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Қазақстаннан жер телімін 49 жылға жалға алатыны айтылған еді. АҚШ Алматыда консулдық ғимарат салу үшін жер телімін жалға алмақ.