Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық хирург дауыл кезінде базарда жарақат алған әйелді құтқарып қалды

Фото: topdoc.kz

Алматыда “Арыстан” базарында әйелдің үстіне шыны конструкция құлап кеткен. Сол сәтте базарда жүрген хирург сатушы әйелді аман алып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

19 маусым күні қатты нөсер болып, жел соққан кезде "Арыстан" базарында бір дүңгіршектің әйнек қасбеті құлап кеткен. Сол сәтте ауысымын жаңа ғана аяқтап жатқан 43 жастағы Райхан Есалиева әйнектен жарақат алып, қолын кесіп алады. Жарақатынан көп қан кетеді.

Осы уақытта базарда жүрген 18 жылдық тәжірибесі бар, №7 көпсалалы емхананың хирургі Ғазиз Төлепбергенов оны құтқарып қалды. 

“Әйнек басыма, сосын қолыма кірді. Қан атқылады, мен айқайлап, үрейлене бастадым. Дүңгіршекте Ғазиз Құнанбайұлы ғана болды. Ол дереу көмекке ұмтылды”, – деді зардап шеккен Райхан Есалиева.

Хирург жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуін тоқтатқан. Дәрігер жедел жәрдем шақырып, жәбірленушіні ауруханаға дейін ертіп апарып, алдын-ала диагнозын анықтаған. 

“Жарақаты ауыр болды. Әйелдің оң қолының жоғарғы тұсында терең кесік пайда болып, сол жердегі тамыр мен жүйке шоғыры зақымданды. Артериялық та, веналық та қан қатты ақты. Жедел жәрдем келгенше, қанды қасымыздағы бар заттармен тоқтатуға тырыстық”, – деді №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының хирург-дәрігері Ғазиз Төлепбергенов.

Қазір Райхан ауруханадан шықты, саусақтарын қимылдата алады. 

Ғазиз Төлепбергеновтың сөзінше, бұл медицина қызметкерлерінің ғана емес, еліміздің кез келген азаматының міндеті. Ол дәрігер болмаса да, қиын жағдайдағы адамға көмектесу керек деп санайды. 


Ақтөбе облысында 9 жасар бала мен оны құтқармақ болған 38 жастағы спортшы құдыққа құлап көз жұмды


Таразда оқушы өрт шыққан пәтерден екі баланы құтқару үшін отқа түсті (видео)


Ғазиз Төлепбергенов пандемия кезінде де науқастарды емдеген. 2022 жылдың қаңтарында қаладағы тәртіпсіздіктерге қарамастан клиникада кезекшілік етті.

Рысбек Арапханұлы
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 12:16
Талқылау