"Сіз демалып жатқанда біз қарызға баттық": Алматыдағы элиталық үй тұрғындары демалыста жүрген бизнесмен Арманжан Байтасовтың парақшасына шабуыл жасады
Алматыдағы River Park тұрғын үй кешенінің тұрғындары медиамагнат Арманжан Байтасовтың аккаунтына шабуыл жасады. Себебі онымен байланысты "ART-Media" компаниясы заңсыз бірнеше тұрғын үй кешенін салған. Онымен қоймай компания кесірінен пәтер қарызға батып, тұрғындары жарықсыз қалғалы отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Орталық саябақтың жанында орналасқан комфорт класындағы River Park тұрғын үй кешенін медиамагнат Арманжан Байтасовқа тиесілі "ART-Media" корпорациясы салған. Бұл компанияның қаланың бұрынғы сәулетшісі Алмасхан Ахмеджановтың қылмыстық ісіне тікелей қатысы бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік мәліметінше, шенеунік құрылыс салушылардың заңсыз әрекеттеріне рұқсат беріп, оның орнына пәтерлер мен автотұрақтар түрінде пара алған. Іс бойынша үкім әлі жарияланған жоқ. Бірақ River Park кешенінің тұрғындары қиындықтарға тап болғанын айтты. Себебі олардың пәтерлері суық. Ал билік компанияның миллиондаған доллар қарызына байланысты пәтердегі электр қуатын өшіреміз деп хабарлапты.
Ал Forbes журналының шығарушысы Арманжан Байтасовтың өзі жылы жақта демалып жатыр.
River Park тұрғындары Байтасовқа тиесілі компанияның қарызына байланысты электр жарығы сөндірілетіні туралы хабарлама алғанын жеткізді. Ашуға булыққан көпшілік медиамагнаттың Instagram парақшасындағы жазбасына түрлі пікір қалдырып жатыр.
Скрин: Instagram armanzhan
"Сіздің "Арт Медиа" атты компанияңыздың электр энергиясына қатысты қарызына байланысты River Park тұрғын үй кешенінде электр қуатының өшіп қалу қаупі төніп тұр. Бұл үйде балалар, қарт адамдар және басқа да электр қуатының төлемін тұрақты төлейтін тұрғындар бар. Осы мәселені тез арада шешіп, кешен тұрғындарына қиын жағдай туғызбауыңызды сұраймыз", "Қандай керемет демалып жатырсыз. Ал біз River Park тұрғындары "Art Media" компаниясының кесірінен жарықсыз отырамыз", "Жақсы демалыңыз! Компанияңыздың арқасында тұрғындардың барлығы коммуналдық төлемдерді уақытылы төлегенімен, River Park тұрғын үй кешенінде электр жарығы өшірілетіні туралы хабарлама алды. Миллиондаған қарыз жиналып қалыпты. Бір-екі ай бұрын осы тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алдым. Дегенмен мәселе көп болып шықты. Осындай тірлікке жол бересіз деп ойламадым", "Демалыс әрине жақсы. Бірақ сіздің балансыңыздағы River Park үйіне электр қуатының үзілгені туралы хабарлама келді. Қарыз 5 миллион", – деп жазды желі қолданушылары.
Дегенмен тұрғындардың пікіріне Байтасов ешқандай жауап бермеген. Тек кей пікірлерге шет елде жақындарымен демалып жүргенін жазған.
Мәселе неден басталды
Медиа-магнат Арманжан Байтасовқа тиесілі "Art Media" компаниясы салған Алматыдағы River Park тұрғын үй кешенінің ондаған тұрғыны 2023 жылы 23 желтоқсанда пәтерлерінде жылу жоғын айтып, наразылық білдірген. Олар үйлерге қалыпты жылу беруді талап етіп, Мақатаев көшесін жауып тастаған. Наразылыққа шыққан тұрғындар пәтерлерінің -13 градус суық болып тұрғанын айтқан.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс салушы екі блокқа есептелген жылу пунктін орнатқан. Кейін екі блокқа қарағанда аумағы үлкен тұрғын үй кешенінің үшінші және төртінші блоктарын қосқан. Осыған байланысты пәтерлер суып, кей тұрғындар туыстарының үйіне көшуге мәжбүр болған.
Тұрғындар мемлекеттік сәулет-бақылау қызметіне апелляциялық шағым жолдаған. Олар құрылыс салушының үстінен сотқа шағым түсіріп, заң бұзушылықтарды жоюға міндеттеген. Десе де заңбұзушылықтар жойылмаған.
Сол кезде тұрғындардың наразылығын сырттай бақылаған полицейлер бастапқыда жағдайға араласпай, кейін оларды жол жиегіне ығыстырған.
Сол кезде оқиға орнынан келген Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин жергілікті билік бұл мәселеден хабардар екенін айтқан. Бірақ оны шешу құрылыс салушының қолында екенін жеткізген. Ал "Art Media Corporation" әзірлеушісінің түпкі иесі кәсіпкер әрі медиамагнат Арманжан Байтасовтың отбасы. Компания тұрғын үй кешеніндегі наразылық туралы ол кезде де түсініктеме бермеген. Соңында міне араға екі жыл салып басы тағы да дауға қалып отыр.
2023 жылы River Park тұрғын үй кешеніндегі жылумен қамту жағдайын Алматы әкімдігі мен қаланың барлық тиісті төтенше жағдайлар қызметі бақылауға алғанын хабарлаған.
Құрылыс салушылардың заңсыз әрекетіне жол берген Алмасхан Ахмеджанов кім
Алмасхан Ахмеджанов 2018 жылдың 20 желтоқсанынан 2023 жылдың 31 мамырына дейін қаланың қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы қызметін атқарған. Кейін ол жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдікті деп танылған. Шенеунік жер телімдерін беру және нысандардың құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, заңсыз істің нәтижесінде шенеунік мемлекетке 307 миллион теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірген.
Фото: gov.kz
“Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларына 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына заңсыз келіскен. Одан бөлек, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал еткен. Шығын 180 миллион теңге болған”, – делінген агенттік хабарламасында.
2023 жылы шілде айында соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған. Ал 2024 жылы аталған іске қатысты сот отырысы басталған.
Сот отырысында прокурор Ахмеджановқа тағылған айыптарды оқыды:
- Ахметжанов Еременсай шағын ауданында төрт тұрғын үй кешенін салуға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмалары мен жобаларының – нысаналы мақсатын өзгертпей және кадастрлық құнын төлемей заңсыз бекітіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке берген. Бұл 152 миллион 772 мың теңге төлеуден жалтаруға мүмкіндік берген;
- Құрылысқа рұқсатты инженерлік желілерді болашақ үйлерге қосуға техникалық шарттарсыз берген;
- Еременсай шағын ауданында 17 коммерциялық нысан, 11 таунхаус, үш коттедж және екі вилла салуға рұқсат берген. Бұл ретте нысанның нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй ретінде сақталып, құрылыс салушылар 111 миллион кадастрлық құнын тағы да төлемеген. Осылайша, Ахмеджанов қызмет бабын асыра пайдалану, яғни лауазымды адамның өз өкілеттіктерін пайда алу мақсатында пайдалануы ауыр зардаптарға әкеп соқтырған;
- Заңбұзушылықтарды біле тұра, Алматыда бес тұрғын үй кешенінің құрылысына құжаттарды бекіткен. Содан кейін әр тұрғын үй кешенінен бір пәтер алған. Оның үшеуі туыстарының атына тіркелген;
- Сонымен қатар Ахмеджанов құрылыс салушы мен оның бас мердігерінен күйеу баласына тұрғын үй кешенінен пәтер алуға айтарлықтай жеңілдік талап етіп, сол арқылы биліктің беделіне нұқсан келтірген. ЖШС мен Ахмеджановтың күйеу баласы арасында ауданы 70,5 шаршы метр болатын пәтерді сатып алу-сату шарты жасалған. Оның бағасы небәрі 9,6 миллион теңге болған. Ал нарықтық құны 31,5 миллион теңге;
- Инвестициялық жобаларға бөлу желеуімен мемлекеттік қордан жер телімдерін заңсыз тартып алудың басқа да схемаларына қатысы бар деген күдікке ілінген. Жер телімдері кәсіпкерлерге нарықтық құнымен емес, кадастрлық құнымен сатылған-мыс.
Қазіргі уақытта сот отырысы әлі де жалғасып жатыр.
Ал Арманжан Байтасов кім
Арманжан Байтасов — 1970 жылы 10 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген.
2018 жылы Forbes сайтының қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды және ең бай 50 бизнесменнің қатарына кірді. 2018 жылы кәсіпкердің жағдайы 81 миллион долларға бағаланған.