Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы құрылысы ескірген сейсмология орталығын жөндеуге 175 миллион теңге жұмсалмақ

Алматыдағы сейсмология орталығын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге шамамен 174,5 миллион теңге жұмсалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Кaztag.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Кaztag.kz

"Тапсырыс беруші – "Алматы қаласы құрылыс басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі, сипаттамасы – "Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ғылыми орталығы ғимаратын реконструкциялау" бойынша ЖСҚ әзірлеу. Ал жоспарланған сома – 174 476 220 теңге", – делінген мемлекеттік сатып алулар сайтындағы лот сипаттамасында.

Мәліметтерге сенсек, бес қабатты ғимарат Алматыдағы әл-Фараби даңғылында орналасқан. Ақпаратқа сәйкес, жобаны әзірлеу екі жылға созылуы мүмкін, себебі бірінші жылы 71 миллион теңгеден астам, ал екінші жылы 103 миллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Сейсмология ғимараты 1989 жылы салынған. Ғылыми орталық директоры Даулет Сәрсенбаевтың айтуынша, ғимаратта бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Құрал-жабдықтардың басым бөлігі ескірген және кадр тапшылығы мәселесі де бар.



Еске салайық, мамыр айында әкім Ерболат Досаев ғимараттың қала бюджеті есебінен жөнделетінін уәде еткен еді.  23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. 

Кейіннен ақпанның 4-і күні сағат 11:22 кезінде Алматы қаласында тағы да 5 балдық жер сілкінісі болды.

Талқылау