Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы интернатта ерекше қажеттілігі бар қызды зорлап, жасырын ота жасаған

18 жастағы қызды интернатта зорлаған

Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы әлеуметтік орталықтардың бірінде ерекше қажеттілігі бар қызды зорлаған. Орталық қызметкерлері мекемеге таныс хирург дәрігерді шақыртып, ешкімге айтпай бірнеше жерден жыртылған ішекке ота жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия бірінші” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

18 жастағы қыз адамдарға ұмтылып, кішкентай бала сияқты ойнайды, үнемі сілекейі ағып жүреді. Өйткені қыздың бала кезінен ақыл-ойы кем. Интернатта тұратын мемлекет қарауындағы қыз ішек жарақатын алған. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, қыз өзі секілді басқа баладан жәбір көрген. Бірақ мейірген жедел жәрдем шақырмастан, өз бетінше әрекет еткен. Ол таныс хирург дәрігерді шақыртып, аталмыш мекемеде қызға ота жасаған. 

Қыздың ішегін төрт жерден тіккен. Алайда ота жасарда ешбір құжатты қажет етпеген.

“Ішек 1-1,5 сантиметрдей тырнақпен сырылған. Оны ешкім зорламақ болмады. Мен кеңес алу үшін хирург шақырттым. Кеңес алған соң,  ішекті тігіп беруін сұрадым. Ол үшін полиция шақырып қайтемін? Бұл әрекетке қабілетсіз балалар ғой. Олардың ата-анасын жазаламайды”, – дейді аға мейіргер Нұрүл Бодауова.

Болған жағдай туралы полиция да, қамқорлыққа алған өкіл де, бақылау органдары да білмеген. Барлық бейнежазбалар өшірілген. Қорытындылар да жоқ. Бұл оқиға туралы бір жыл өткенсоң ғана белгілі болды. Онда да жұмыстан шығарылған қызметкерлер болған жағдайға қатысты әлеуметтік қорғау басқармасына шағым түсірген. 

“Алматыдағы видеокамераларға қатысты сараптама жүргізді. 2024 жылдың мамырдан қыркүйекке дейін барлық видеолардың механикалық тәсілмен өшірілгені анықталды. Бұл да дәлел”, – дейді 

Қызға кімнің зәбір көрсеткені әзірге белгісіз. Екі күдікті бар. Бірі – орталықтағы науқастың бірі, екіншісі – санитар ер адам. Бұл жағдайға қатысты тергеу жұмыстары енді басталды. Орталықта бұдан бөлек тағы құқық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, мемлекет қаражатын жымқыру. Орталық басшысы жұмыстан шығарылды. 

“Балқаш ауданында медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша полицейлер қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтауүшін қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар Сайділдин.

Бақанас арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының сыйымдылығы – 100 адам. Қазір мұнда 73 науқас тұрып жатыр. 

18 жастағы қыз өзіне кім зәбір көрсеткенін түсіндіре алмайды. 

Қазір ота жасаған хирургтің әрекетін Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы тексеріп жатыр. 

Айым Болатқызы
Жұма, 08 Тамыз, 2025 17:36
Талқылау
`