Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қарасты ақылы мектепте білім алатын оқушылардың ата-аналары оқу орны әкімшілігін қыркүйек айынан бері балаларға сапасыз әрі толық піспеген тағам беріп келеді деп айыптады. Олардың айтуынша, соның салдарынан кейбір оқушылардың денсаулығы сыр берген. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері балалардың денсаулығына қауіп төндіретін жүйелі заңбұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетейік, International Steppe School by NIS мектебі Алматыда 2025 жылы қыркүйекте ашылған. Ата-аналар оқу ақысына (үйірмелерді қоса есептегенде) 5 миллион теңге төлейді. Бұған қоса, мектептегі тамақтану құны ай сайын – 70 мың теңге.

1-cынып оқушыларының ата-анасы жаңа мектепке балаларын сеніп тапсырғанын айтады. Дегенмен мектептегі тамақ сапасы ересектерді алаңдатып отыр.

Тендер қорытындысы бойынша, мектеп тамақ жеткізуші компания – “Килибаева Г.К” жеке кәсіпкерлігімен шарт жасасқан. Ашық дереккөзге сенсек, "Килибаева Г.К." жеке кәсіпкерлігі Алматыда 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Қыркүйек айынан бастап біз мектепте сапасыз тамақ берілетінін байқадық. Оқу бастала сала балаларға дұрыс піспеген көкөністер мен жемістер, сапалы түрде дайындалмаған ет беріледі. Біз ата-ана ретінде осы айлардың бәрінде мектеп рационын жақсарту үшін барынша көмектесуге тырыстық. Мен өзім – 10 жыл балалардың тамақтануын зерттеп, жұмыс істеп жүрген нутрициологпын. Менің балам осы мектепте оқитындықтан балаларға сапалы тамақ берсін деп, өзім тегін қызметімді ұсындым. Бірақ мектеп ашық диалогқа шыққан жоқ, олар барынша өздері жақсартамыз деп бас тартуға тырысты. Бірақ осы уақытта тамақтың сапасы өзгермеді. Қыркүйек, қазан, қараша айларында ата-аналар комитеті мен Бракераждық комиссия жан жақтан мектептегі балалардың тамағын дұрыстауға тырысты, бірақ айтарлықтай нәтиже болмады", – дейді 1-сынып оқушысының ата-ана Альмира Орлова.

Фото: Stan.kz

Ал қаңтар айында балалар мектептегі астан соң жайсыздық сезініп, іш ауруы жағдайлары тіркелген. Сонымен қатар қаңтарға қарай балалардың жартысына жуығы артық салмақ қоса бастаған. Балаларда аллергия болып, асқазан-ішек жолдарының функциялық бұзылуы сияқты диагноздар да қойылған.

"Балам 2-cынып оқиды. Біз балаларымыздың мектепте тамақ ішуі үшін бөлек төлейміз. Ал балаларымызды сапасыз азықпен тамақтандыратынын білгенде ата ана ретінде қатты алаңдай бастадық. Өзім баламды кез келген нәрсені жей беруге үйреткенмін. Тамақ таңдайтындай ертең не боларын білмейміз. Менің балам не берсе де, шикі ет берсе де жейтінін білемін. Сондықтан да мен балам үшін алаңдай бастадым. Біздің сыныпта осы алты айда бір балада анемия пайда болды, ал негізі бұрын болмаған. Аллергия жағдайлары да болды. Бала мектепте сары бояғышы бар бір нәрсе ішкенінен денесіне бөртпе шығып, Квинке ісінуі болды. Соған қарамастан мектеп өзін интеллектуалды элитаға арналған орын ретінде көрсетеді. Бірақ бала НЗМ-ді (НИШ) ақылды, бірақ денсаулығы нашар болып бітірсе, не мән қалды?" – деді 2-сынып оқушысының ата-анасы Айтан Бекхожина.

Құжат скрині

Бұл ретте ата-аналар Президент аппаратына, Оқу-ағарту министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне, қалалық прокуратураға 30 өтініш және 20 үндеу жіберген. Алайда хаттың бәрі түбінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне (СЭБК) жүктеліп олар тексеріс жүргізген. Нәтижесінде СЭБК заңбұзушылық болғанын анықтап, бір ай асхананың қызметіне тыйым салған.

Медеу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы 5 ақпандағы жауабында жеке кәсіпкерді жауапқа тартқанын хабарлаған.

"Анықталған бұзушылықтардың нәтижесінде, талап арызда көрсетілген талаптардың толық көлемде расталуына байланысты мына шаралар қабылданды: Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 810 және 811-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 425-баптың 1-бөлігі бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісі – тамақтануды ұйымдастырушы, "Килибаева Г.К." жеке кәсіпкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген Медеу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жауабында.

Сонымен қатар бақылау басқармасы құрғақ тез дайындалатын тағамдық концентраттар негізіндегі бірінші және екінші тағамдарды әзірлеуге және өткізуге тыйым салу туралы қаулы қабылдаған.

"Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында орындау мерзімі 23.02.2026 жылға дейін белгіленген нұсқама берілді. Сонымен қатар бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 02.02.2026 жылғы қаулысымен бақылау және қадағалау субъектісінің қызметін, өнім өндіруін, қызмет көрсетуін, жұмыс орындауын немесе олардың жекелеген түрлерін тыйым салу туралы жедел әрекет ету шарасы енгізілді. Атап айтқанда, "дайындау технологиясы бұзылған тағамдар мен өнімдерді, рұқсат етілмеген тағамдарды, дайын емес тағамдар мен аспаздық бұйымдарды, құрғақ тез дайындалатын тағамдық концентраттар негізіндегі бірінші және екінші тағамдарды әзірлеуге және өткізуге тыйым салу туралы" қаулы қабылданды", – делінген құжатта.

Дегенмен бұл уақыт өткен соң да асхана қайта қызмет ете бастаған. Бұған ата-аналар наразы.

"Ақпан айында біздің өтінішімізбен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы келіп, тексеріс жүргізді. Олар көп құқықбұзушылық анықтады және асхананың жұмыс істеуіне тыйым салатын жарлық шығарды. Оның ішінде дәл біздің International Steppe School by NIS мектебінде бір ай қызмет етуіне тыйым салды. Дәл осы бір айға мектеп әкімшілігі ата-аналар балаларына сырттан тамақ жеткізуіне рұқсат берді. Біз не істедік? Өз күшімізбен, өз ақшамызбен төлеп тамақ алдырып жүрдік. Сол уақытта біз балаларға өзіміз қызмет еттік, жұмыстан келіп, балалар тамақтанатын уақытта даяшы болып жүрдік. Жақсы, біз бұған разы болдық. Бірақ 25 ақпанда Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тыйымының мерзімі аяқталып, бұрынғы тамақ жеткізуші қайта жұмысына кірісті", – дейді ата-ана Альмира Орлова.

Бүгінде ата-аналар жұмыс істеп тұрған жеткізушімен келісімшартты бұзып, жаңа ашық іріктеу жүргізуді талап етіп отыр. Ата-аналардың сөзінше, олардың міндеті – жанжал шығару емес, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы. Мектептегі тамақ күнделікті жауапкершілік болуы керек және бұл үнемдеу немесе формальды тәсілге айналып кетпеуі керек дейді олар.

Дегенмен International Steppe School by NIS әкімшілігі ата-аналардың шағымы тыңдалып, кешенді шаралар қабылданғанын хабарлап отыр.

"Бұл жеткізуші тағам қызметтерін көрсету үшін конкурс негізінде таңдалған. Жеткізуші заңды негіздерде, белгіленген процедуралар мен талаптарға сәйкес таңдалды. Мектеп әкімшілігі барлық ата-ана өтінішін белгіленген тәртіпте қарады. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сонымен бірге Қазақстанның білім беру және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамаларын сақтау мақсатында мектеп ұйымдастырушылық және профилактикалық шаралар кешенін жүзеге асырды", – делінген International Steppe School by NIS хабарламасында.

Мектеп жас ерекшеліктері мен теңдестірілген тамақтану қағидаттарын ескере отырып, мәзір қайта қаралып, жаңартылды дейді.

"Аспаздық бөлімде қызметкерлердің ротациясы жүргізіліп, екі білікті аспаз жұмысқа қабылданды. Тамақ дайындау сапасын арттыру мақсатында технологиялық және асүй жабдықтары жаңартылды. Апта сайын дайын тағамдардың сынамасы жүргізіледі, оған оқушылардың ата-аналары қатысады. Сонымен қатар мектеп оқушылардың қанағаттану деңгейін бағалау үшін сауалнама жүргізеді. Соңғы сауалнама нәтижесінде оқушылардың 70%-ы тамақтану сапасына қанағаттанған. Алматының Медеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысында анықталған ұсақ қателер толық жойылып, белгіленген мерзімде реттелді. Қазір асхана жұмысы Қазақстанның санитарлық нормалары мен заңнамасына сай жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, мектеп өзінің ресми жеткізушісімен бірлесіп, оқушылардың тамақтану сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет шараларды қабылдап жатыр. Шаралар нәтижесінде балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жүйелі бұзушылықтар анықталған жоқ", – делінген хабарламада.
Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 16:23