Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы дауылдың салдары: Ағаштар құлап, шатырлар зақымданды, Ботаникалық бақ жабылды

Алматыда 7 сәуірде болған дауыл салдарынан ағаштар құлап, шатырлар бүлінді. Ал Ботаникалық бақ уақытша жабылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Алматы әкімдігі

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты келесі оқиғалар тіркелді: барлығы 28 ағаштың құлау оқиғасы тіркелді, оның үшеуі тұрғын үйлердің үстіне құлаған. Сонымен қатар үш тұрғын үйдің шатыры зақымдалып, бір құрылыс қоршауы құлаған жағдай болды. Қазір табиғат апатының салдарын реттеу жұмысы жүріп жатыр. Оқиға орындарында аудандық әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бригадалары жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеді сейсенбі күні Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

7 сәуір кешке қарай Алматыда қысқа мерзімді нөсер жаңбыр, күшті жел мен найзағай тіркелді. Сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қала аумағында 2-6 мм көлемінде жауын-шашын түскен. Су басу жағдайларының алдын алып, дер кезінде жою мақсатында қажет құралдармен жабдықталған 42 жедел бригада жұмылдырылды.

Сонымен қатар қалада Ботаникалық бақ уақытша жабылды.

"Кеше болған дауылға байланысты Ботаникалық бақ 10 сәуірге дейін келушілер үшін жабық болады. Қазір бақ аумағында құлаған ағаштар мен сынған бұтақтарға байланысты жүру қиын. Сондықтан қоғамдық аумақты ретке келтіріп, апатты жағдайдағы ағаштардың құлау қаупін болдырмау үшін жасыл желектерді тексеру қажет. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", – делінген Ботаникалық бақтың хабарламасында.



Еске салайық, бұған дейін Алматыда қатты жаңбыр жауып, дауыл болғанын жазған едік. Желі қолданушылары күн райының күрт өзгерген сәтін фото, видеоға түсіріп, бөлісіп жатыр. Қатты найзағай ойнап, нөсер, бұршақ жауған. Тұрғындардың айтуынша, салдарынан үйлердің шатыры зақымданып, ағаштар құлап, кейбір аудандарда электр қуаты өшіп қалған.

Талқылау