Алматыдағы әйгілі "Жібек жолы" базары сүрілмек: Саудагерлер наразылыққа шықты
Видеодан скрин
Алматыдағы әйгілі "Жібек жолы" базары сүріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алайда шенеушіктердің бұл шешіміне базардағы саудагерлер мен жеке кәсіпкерлер үзілді-кесілді қарсы. Олардың айтуынша, хабарландыру қағазы үш күн бұрын ғана берілген көрінеді. Енді саудагерлер қала басшылығынан тым болмаса бір жыл уақыт беруін талап етіп отыр.
Бірнеше жылдан бері базарда асхана ұстап отырған аспаз, жалғызбасты ана Марал Жақсылыққызы бұл жаңалық өзіне ауыр соққы болғанын айтады. Ал базарда Марал сияқты мыңнан астам кәсіпкер бар. Олар мәселеміз шешілмесе, өзімізді өртеп жіберуден тайынбаймыз дейді.
“Бір басымда алты кредитім бар. Үйім банкте кепілде тұр. Асханамды қалай беремін?! Төрт ай бұрын үш жарым миллионға сатып алдым. Біз жайдан-жай кетпейміз. Орын тауып берсе, қазір босатып беремін. Қазір мына жақта балалар жүр. Қолында бензин бар, өзімізді өртейміз деп жатыр. Өзімізді өртейміз!”, – дейді кәсіпкер Марал Жақсылықызы.
Көлік бөлшегін сататын базар маңында кәсібін дөңгелеткендер, қазір әрі-сәрі күй кешіп жүр. Тіпті дүңгіршіктердің сүрілетіні жөнінде алдын ала еш түсіндіру жүргізілмеді дейді. Ал ескерту қағазында сауда дүңгіршіктерінің жаппай сүрілетіні жазылған.
“Қаншама адам ақша тауып жатыр, жұмыс істеп, бала-шағасын асырап жатыр. Заңсыз деп жатыр. Ендеше неге басында салдырды? Біз ұрлық істеп жатқан жоқпыз, тонап жатқан жоқпыз, жұмыс істеп жатырмыз. Талабымыз – тиіспесін, бұзбасын, жұмыс істейік”, – дейді кәсіпкер Әбдіразақ Кенжебаев.
Алматыда "Арыстан" базарының бір бөлігін заңсыз салған: Енді сауда орындары сүріледі
Келгеніне небәрі екі-ақ ай ғана болған базар басшысының айтуынша, кәсіпкерлер жақын арада орнын түгел босатуы тиіс. Өйткені базар маңындағы дүңгіршектер заңдастырылмаған көрінеді.
“Бұл техникалық байқау станциясы, барлығы заңдастырылмаған. Сосын кейбірі қызыл жолақта тұр. Біз қазір жоба жасап жатырмыз. Бізге бүкіл базарды модернизация жасау керек деген. Содан кейін бәрін өзгертіп, сол кезде реттестіріп аламыз. Қазір қаншама бауырларымыз жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрін қуып шыққан. Заң бойынша бәріне айтып жатырмыз, қуып шығу да қиын жағдай”, – дейді "Жібек жолы" базарының директоры Азамат Құлмаханбет.
Сот орындаушыларының айтуынша, базарды бұзу туралы сот шешімі былтыр шыққан. Содан бері базар әкімшілігіне бірнеше мәрте ескертілді деп отыр. Ал "еш ескерту көрмедік, білмедік" деген кәсіперлерге келесі айдың 11-не дейін базарды босатуға уақыт берді.
“Жоспардан тыс тексеру болды. Тексеруде 30 шақты нысан анықталып, әкімшілік шара қолданды, нұсқама берілді. Нұсқаманы уақытысында орындамады. Тексеріс кезінде ешқандай жоба болған жоқ. Сараптамадан өткізілмеген нысандар, ондай жұмыстар атқарылмаған. Ешқандай рұқсат құжат көрсетілмеген. Сол себепті әкімшілік шара қолданылды”, – дейді Алматы әкімдігі қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Әлібек Түлбасиев.
Ал кәсіпкерлер келесі жылға дейін қалдыруға әкімдік келіспесе, бұл жерден қуса да, кетпеуге бекініп отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада "Шанхай" базарындағы өрттен кейін кәсіпкерлер шығынға батқанын айтып, бас көтергені туралы жазған едік.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
