Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы "автобустар зираты" ісі бойынша күдіктіге іздеу жарияланды

Фото: e-qazyna.kz

Алматыдағы "автобустар зираты" ісі бойынша күдіктіге іздеу жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді.

"Қылмыстық кодекстің “өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету” бабымен тіркелген қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ, күдікті іздеуде, іздеу жариялануына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі тоқтатылды", – делінген департамент жауабында. 

Еске салсақ, бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов "Алматыэлектротранс" ЖШС-індегі ұрлық бойынша даулы қылмыстық іс туралы хабарлаған еді. Күдіктілердің ерлі-зайыпты Айдын мен Гаухар Омаровтар екенін анықталды. Олар бұған дейін "Омаров и Ко" ЖК және "Zhanarna LTD" ЖШС секілді өздеріне тиесілі компаниялар арқылы "бір көзден" берілген мемлекеттік келісімшарттар негізінде жүздеген миллион теңге алған. Алайда Омаровтар бұған дейін қозғалған істе қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кеткен.

Адвокаттың айтуынша, Омаровқа қатысты қылмыстық қудалау "тараптардың татуласуына" байланысты тоқтатылған. Аталған іс “аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету” бойынша тергелген, ал бұл бап бойынша тараптардың татуласуына заңмен рұқсат етілмейді. Бұл тергеу органдары мен мемлекеттік үлесі бар ЖШС өкілдерінің әрекеттерінің заңдылығына күмән тудырады. Осыдан кейін экономикалық тергеу департаменті істі қайта тергеуге уәде берді. Іс бойынша Омаровтардың компанияларына 200 миллион теңгеден астам қаражат көлік құралдарын сақтау және тасымалдау қызметтері үшін төленгені белгілі. Бұл қызметтер жұртшылық арасында "автобустар зираты" атауымен танымал.

Бұл автобустар Алматы қаласының әкімі болып Бауыржан Байбек қызмет атқарған кезеңде бірнеше миллиард теңгеге сатып алынып, қысқа мерзім қолданылған соң бағыттардан алынып тасталған.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы әкімдігі қаладағы "автобус зиратынан" құтылу үшін ескі автобустарды 162 000 теңгеден сатуға шығарған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 22:18
Талқылау