Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы үш адамның өмірін қиған автобус апаты: Оқиға куәгері сотта жауабын өзгертті

Бірнеше адамның өліміне себеп болған автобус апатына қатысты үшінші сот отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

Сот отырысына анасымен бірге келген, кәмелет жасқа толмаған жасөспірім куәгер ретінде сөз сөйледі. 

“47-автобусқа ортадағы есік арқылы міндім. Құлағымда құлаққап бар еді. Ештеңе естімедім. Кенет біреу жүгіріп барып, жүргізушінің ұрған адамды итеріп жіберді. Олардың арасында ұрыс-керісті естіген жоқпын, соңына дейін құлаққапты шешпедім. Оның ұрған сәтін өз көзіммен көрмедім. Есімнен танып қалдым, ары қарай не болғаны есімде жоқ. Мен 7-ауруханаға жеткізілдім”, – деді жасөспірім.

Алайда сот бұған дейінгі сот отырысындағы жауап алу хаттамасын оқып берді. Ол кезде куәгер басқаша жауап берген екен. Онда жасөспірім ер адамның жүргізушіні балғаттап, ұрғанын өз көзімен көргенін және жүргізушінің есінен танып қалғаны туралы айтқан. 

Сондай-ақ куәгер бірнеше жігітпен бірге автобус жүргізушісіне көмектесіп, оны жедел жәрдемге жеткізгенін айтқан.

“Біреу маған: "Маған көмектесші, інім" деді. Мен өз-өзіме келе алмай тұрғанымды айттым. Бірақ жүргізушіні көтеріп, жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізуге көмектестім”, – дейді жасөспірім.

Өз кезегінде баланың анасы тергеушіге баласының айтқанын айтып, мәтінге қол қойғанын жеткізді. Алайда ол мәтінді оқымаған.

“Балам жол апаты болғанын, жүргізушінің есінен танып қалғанын және өзінің құлап, аяғын жарақаттап алғанын айтты", – дейді куәгердің анасы.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ жаяу жүргіншіні қағып кетіп, үш адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Ал, қайтыс болғандардың жақындары автобус паркінен өтемақы талап етіп жатыр. Соққыға жығылған жүргізуші әйелдің сұхбаты әлеуметтік желіде тарады. Сұхбатта жүргізуші өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Талқылау